1418 күн мен түнге созылған қайғы-қасіреті мол, адамзат тарихында ІІ Дүние жүзілік соғыс атауымен таңбаланған сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген соғыс ардагерлерінің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталып қала бермек. Ғасырдан-ғасырға жетерлік ауыр қасірет қалдырған соғыстың зардабын шеккен жетісайлық Ұлы Отан Соғысының ардагері Папков Петр Кузьмич 1925 жылдың маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен шаһар басшысы Нұрлыбек Бахтияров, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбеков пен «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Әділхан Асауов Ұлы Отан Соғысының соңғы солдатын «7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күнi» және «9 мамыр – Ұлы Жеңiс күні» мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат жасады.
Аудан басшысы ардагерге Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының мерекелік құттықтауын табыстап, 1,5 млн теңге қаржының сертификатын, мерекелік себет пен өз атынан алғыс хат тарту етті.
«Мереке аясында аудандағы жалғыз ҰОС ардагеріне 1,5 млн теңге табысталды.
Одан бөлек аудандағы 7 ҰОС ардагерлерінің жесірлеріне, 287 тыл ардагерлеріне 15 АЕК көлемінде, Семей полигонында ядролық сынақтардан, Чернобль апатынан зардап шеккен азаматтар мен Ауған соғысы, таулы Қарабақ, Тәжік-Ауған шекараларында болған азаматтарға 30 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы төленді» дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбеков.
Айта кетейік, 1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73 гвардиялық армияға түсіп, 105 полк құрамында қызмет еткен. Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан, құрылыс батальонында жүргізуші, құрылысшы болған майдангер 1950 жылы әскерден оралған. Қанды қырғынның соңғы нүктесін қойып, елге келгеннен кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласында, ауылдарды қалпына келтіру ісінде аянбай еңбек еткен. Трактор тізгіндеп, зейнетке шыққанша адал еңбектің нанымен өніп-өседі. Өз кіндігінен өрбіген 4 қызынан 5 немере мен 9 шөбере сүйген қарт майдангер Ұлы Отан Соғысы мен Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі