Түркістан облысы Полиция департаментінің ресми парақшасына «TikTok» желісінің қолданушысынан алғыс бейнежазбасы келіп түсті.
Онда Қызылорда қаласының тұрғыны отбасымен бірге Шымкент қаласына келе жатып, жолда көлігі бұзылғанын, осы сәтте Түркістан облысы аумағында екі полиция қызметкері көмек бергенін айтып, ризашылығын білдірген.
Тұрғынның шынайы алғысы бейнеленген жазба көп қаралым жинап, полицейлердің әрекеті желі қолданушыларын сүйсіндірген.
Белгілі болғандай, Сауран ауданына қарасты Мәшһүр Жүсіп ауылы тұсында патрульдеп жүрген полиция капитаны Бейбіт Әжібаев пен полиция аға лейтенанты Мейірман Турегелдиев, жол бойында «Лексус» автокөлігінің тоқтап тұрғанын көреді. Автокөлік жүргізушісінің жанына барып, мән-жайды сұрастыру барысында көліктің бұзылып тұрғанын анықтайды. Содан соң тәртіп сақшылары автокөліктің иесіне эвакуатор шақырып беріп, күн ыстықта көлік ішінде қалып қойған жүргізушінің ұл-қыздарына салқын суын жеткізіп, Шымкентке жетіп алу үшін басқа көлікті өтініш айтып тоқтатып, мінгізіп жіберген.
Осы орайда ауа райының жоғары температурасында, жаз мезгілінің аптап ыстығында балаларымен жолда қалған жүргізуші, дер кезінде жандарынан табылып, жәрдем берген полиция қызметкерлеріне дән риза болып, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Бұл бір ғана оқиға. Жалпы күндіз-түні жол бойын патрульдейтін батальон полицейлері мұндай оқиғамен жиі ұшырасады.