Бүгін Шымкент қаласы «Достық үйі» ғимаратында төрт айлық мемлекеттік тіл курсын оқыған этнос өкілдері сынақ тапсырды, деп хабарлайды r-factor.kz.
«Достық» үйінде ашылған «Бірлік» алаңына жүктелген маңызды төрт міндеттің бірі – этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету. Осы орайда, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» бірлесе қолға алған жоба аясында жастарға сабақтан, жұмыстан тыс уақытта курсқа қатысуына жағдай жасалған. «Бірлік» алаңында қолға алынған мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысушылар саны артып келеді. Бүгінде 30-ға жуық этнос өкілдері аптасына екі рет бас қосып, қазақ тілін оқып-үйренуде. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» бірлесе қолға алған жоба аясында жастарға сабақтан, жұмыстан тыс уақытта тіл үйрену курсына қатысуына жағдайлар жасалған. Осы бағытта қалалық ассамблея 8 жоғары, 22 орта арнаулы оқу орындарымен екіжақты меморандум түзіп, соның аясында мегаполистегі этнос жастарына мемлекеттік тілді оқыту жобасын іске асырып келеді. Тіл үйретудің тиімді практикалық әдістерін қолданып, жастарды оқытып-үйретіп жүрген қалалық «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының» оқытушысы А.Оспанованың айтуынша, шымкенттік этнос жастарының басым бөлігі қазақ тілін түсінеді. Бірақ ойын айтудан және еркін сөйлеуден қысылады. – Курсқа қатысушылардың көбі күнделікті қолданатын мемлекеттік тілдегі қарапайым сөздерді түсінеді. Мәселе – тыңдаушылардың өз ойын қазақша жеткізуінде болып тұр. Қазіргі таңда грамматикадан бұрын өз ойларын мемлекеттік тілде айту кезінде пайда болатын жағымсыз стереотиптер мен уақытша кедергілерді азайту бағытында жұмыс істеп жатырмыз, — дейді тіл оқыту курсының оқытушысы А.Оспанова. Айта кетейік, «Бірлік» алаңында арнайы тіл оқу курсының төрт айлық курсын тәмамдап, сынақтан өткен этнос жастарына оқу орталығының арнайы анықтамасы табысталды.