Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қ.Қасымұлы атындағы №33 жалпы орта мектеп ғимаратының қазіргі жағдайымен танысты. Биыл мектеп басшылығы ғимараттың техникалық жағдайына талдау жүргізіп, оны “апаттық жағдайда” деп таныған болатын. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тәуелсіз сараптама жасады. 2024 жылдың 24 қыркүйегіндегі сараптама қорытындысына сәйкес, ғимарат “апаттық” деп танылған жоқ.
Көзбен шолу барысында кәріз жүйесінде ақаулар анықталды. Салдарынан қабырғаларда көгеру мен жарықтар пайда болған, алайда бұл ғимараттың сейсмикалық беріктігіне әсер етпейді. Қала әкімі салалық басқарма басшыларына қысқа мерзімде бірінші қабатта ағымдағы жөндеу жүргізіп, кәріз жүйесін жаңартуды тапсырды. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін, қазан айынан бастап оқушылар өз мектебінде білімін қайта жалғастырады.
Айта кетейік, қазіргі таңда бастауыш сынып оқушылары «Раушан Үкібас» жеке мектебінің ғимаратына, ал 5-11 сынып оқушылары №2 өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына уақытша орналастырылған.