«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент филиалы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай салтанатты шара өткізді. Меркелік жиынға «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков және оның орынбасары Қобланбек Оналбеков, медицина қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шарада Ерқозы Батырбеков медицина қызметкерлерін Әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, барлығына бейбітшілік, келісім мен молшылық, мемлекетімізге өркендеу тіледі.
«Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы, адам баласы мен табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін – әз Наурызбен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңару мен жасару күні Сіздерге бақ-береке, ырыс-ынтымақ, қызметтеріңізге табыс әкелсін!» -деді салалық кәсіподақ төрағасы.
Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан — тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын.
Жиында бірқатар медицина қызметкерлері «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Төс белгісі, Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, филиал құрамындағы бір бастауыш кәсіподақтың мүшелеріне медицина саласындағы адал еңбектері, оған қосқан үлестері үшін және ұзақ жылдар қызмет жасап келе жатқандығын ескере отырып — Шымкент қаласының №4 қалалық емхана ұжымына Наурыз мерекелік іс-шарасын ұйымдастыруға 100 000 теңге берілді.