• Вт. Дек 23rd, 2025
Популярные метки

13 қараша – Халықаралық зағиптар күні

Автор:admin

Ноя 13, 2025

Бұл күн – адам жан дүниесінің тереңдігін, жүрек көзінің күшін, рухтың мықтылығын сезіндіретін ерекше дата. Жыл сайын 13 қарашада бүкіл әлемде Халықаралық зағиптар күні аталып өтіп, қоғам назарын көру қабілеті шектеулі жандардың өмірін жеңілдету, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне аудару мақсаты көзделеді.

Бұл күн – бізге өмірді тек көзімізбен емес, жүрегімізбен сезінуді еске салатын, адамгершілік пен мейірімділіктің шынайы құндылығын ұғындыратын маңызды күн. Көру қабілеті болмаса да, әлемді ерекше тереңдікпен, сезімталдықпен қабылдайтын жандардың ерік-жігері, өмірге құштарлығы әрқайсымыз үшін үлкен үлгі.

Осындай рухани құндылықтарды еске алғанда, қазақ әдебиетінің классигі Сапарғали Бегалиннің шығармалары еріксіз ойға оралады. Оның туындыларындағы кейіпкерлер – мейірімге, адамды жүрегімен тануға, адамдарды сыртқы келбетіне емес, ішкі әлеміне қарап бағалауға үйрететін тұлғалар. Бегалиннің шығармалары көре білу – тек көздің қабілеті емес, ең алдымен жүректің кеңдігі екендігін көрсетеді. Жазушының кейіпкерлері айналасындағы әлемді сезіммен, жан жылуымен көріп, адамдық қасиетті бәрінен биік қояды.

Зоғип жандар да дәл осы сипатқа ие: олар әлемді өзгеше қабылдайды, әр дыбыстан, әр иістен, әр қадамнан өзіне тән сұлулық таба біледі. Олар үшін жүректің көзі – ең сенімді жарық. Сондықтан Халықаралық зағиптар күні – бізді мейірімділікке, жанашырлыққа және қоғамдағы ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген құрметті арттыруға шақыратын күн.

Бүгінгі таңда зағип жандар қоғам өмірінің барлық саласына белсенді араласып келеді. Олар білім алады, жұмыс істейді, шығармашылықпен айналысады, спортта үздік жетістіктерге жетуде. Қиындықтарға қарамастан, олар өз ерік-жігерімен, қайсарлығымен талай биікке көтеріліп жүр. Бұл – адам рухының мықтылығының айқын дәлелі.

Қоғам болып, мұқтаж жандарға қолдау көрсету – азаматтық борыш. Зағип жандарға қолайлы орта қалыптастыру, оларға білім, жұмыс, мәдени ортаға еркін қол жеткізуге жағдай жасау – өркениетті қоғамның басты көрсеткіші. Әр адамның аз да болса көрсеткен көмегі, жылы сөзі, түсіністігі үлкен маңызға ие.

Сапарғали Бегалин айтқандай, мейірімді жүрек – ешқашан қараңғылықта қалмайды. Жақсылық жасауға ұмтылған жан айналасына әрдайым жарық шашады. Бегалин шығармаларындағыдай, мейірімділік пен жүрекпен көру – нағыз жарық, өмірдің шынайы нұры. Бұл күн – дәл осы құндылықтарды қайта еске салып, әр адамның жүрегіндегі ізгілікті оятатын мереке.

Барша зағип жандарға мықты денсаулық, өмірге деген құштарлық, шексіз қуаныш, отбасылық амандық және бақыт тілейміз! Әлемдеріңіз әрдайым жарыққа толы болсын!

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *