• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

1 МАУСЫМ — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Автор:admin

Июн 1, 2023
Spread the love

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде №1 және №2 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарында мерекелік іс-шара өткізілді.
Халықаралық балалар күні — әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мейрам. Қоғамды кемтар, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларды қорғауға, қолдауға шақыратын күн.
1949 жылы қарашада Парижде өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясы конгресінің шешімімен мерекені 1 маусымда атап өту туралы шешім қабылданды. Балаларды қорғау күні алғаш рет 1950 жылы әлемнің 51 елінде өтті.
Мақсаты – балалардың өмір сүруге, сөз бостандығына, білім алу және қорғау құқығы бар екенін еске салу.
«Балалы үй – базар» дейді дана халқымыз. Әр шаңырақты бүлдіршіннің былдыры, сәбидің тәтті күлкісі шаттыққа бөлесін. Ертеңгі күні ел тізгінін ұстайтын бүгінгі балақайлар бақытты ғұмыр кешсін. Оларды қолдап, қорғаштау әр ата-ананың, тұтас қоғамның парызы. Балаларымызды аялайық, кішкентай отандастарымызға сая болайық.
Бөбектерге арналған шара «Шин-Лайн» компаниясының демеушілігімен «Балаларымыз – аманатымыз!» республикалық қайырымдылық жобасы аясында өткізілді.
Мерекелік шара аясында аниматорлар балалармен би билеп, оларды қуанту мақсатында балмұздақтар таратылып, арнайы сыйлықтар берілді.
Акция аясында ерекше күтімді қажет ететін және қамқорлыққа мұқтаж бүлдіршіндерге жүйелі түрде қайырымдылық көмек көрсету жоспарлануда. Игі бастама еліміздің 20 өңірінде жалғасын тапты. Қайырымдылық жоба 8 мыңдай бала тәрбиеленіп отырған 100-ге жуық мамандандырылған мекемені қамтиды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 18 жасқа толмаған 6,7 миллионға жуық бала тұрады. Жалпы халық санындағы кішкентай қазақстандықтардың үлесі қазір 34,1%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш он жыл бұрын 30,1% болса, 2010 жылы небәрі 29,7% болған.
Жаздың алғашқы күнімен қатар келген мереке әрқайсымызды бақытқа бөлей берсін!

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика