Қауіпсіздік – кез келген қоғамның берік тірегі. Ал өрт қауіпсіздігі – әсіресе, қысқы және жылыту маусымдарында ерекше мән беруді қажет ететін маңызды мәселе. Осы орайда, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Жақында аталмыш басқарманың бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Б. Әбілқасым «Таң нұры» телебағдарламасының тікелей эфирінде қала тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігіне қатысты маңызды ақпараттармен бөлісті. Әсіресе, көп адам шоғырланатын орындар мен жеке тұрғын үйлерде орын алуы мүмкін өрт оқиғаларының алдын алу жолдары, сондай-ақ, улы газдан улану қаупі мен одан сақтану шаралары кеңінен талқыланды.
Халық көп жиналатын орындарда – ерекше бақылау.
Қоғамдық орындарда – сауда орталықтары, базарлар, мектептер, ауруханалар мен мәдени ошақтарда – өрт шыққан жағдайда оның салдары ауыр болатыны белгілі. Себебі бұл нысандарда адамдардың шоғырлануы жоғары, эвакуациялау да күрделі болуы мүмкін.
Сондықтан Б. Әбілқасымның айтуынша, осындай мекемелерде өрт қауіпсіздігіне қатысты талаптар қатаң сақталуы керек:
— Эвакуациялық шығу жолдары бос және ашық болуы тиіс;
— Өрт сөндіру құралдары толық және қолжетімді болуы;
— Электр желілерінің жарамдылығы жүйелі түрде тексерілуі;
— Қызметкерлер мен келушілер өрт кезіндегі әрекет алгоритмдерін білуі – бұл негізгі талаптар қатарында.
Мұндай орындарда өрт қауіпсіздігі бойынша оқу-жаттығулар, бақылау рейдтері және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Қала тұрғындары да кез келген қауіпті жағдайды байқаса, бірден 101 немесе 112 нөміріне хабарлауы қажет.
Улы газ – үнсіз қауіп.
Азаматтық қорғау капитаны тұрғын үйлердегі қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше тоқталды. Жылыту маусымының басталуымен үйлерде пеш, газ құрылғылары мен басқа да жылытқыш құралдарды қолдану жиілейді. Дәл осы кезеңде улы газдан улану қаупі бірнеше есе артады.
Сондықтан эфир барысында маман тұрғындарға мынадай нақты кеңестер ұсынды:
— Мұржаларды уақытылы тазалау – түтіннің еркін шығуына жол ашып, улы газдың ішке жиналуын болдырмайды;
— Пештер мен газ құрылғыларын дұрыс пайдалану – техникалық нұсқаулықтарды сақтау, өз бетінше жөндеуден аулақ болу;
— Жарықшақтар мен ақауларды уақтылы жөндеу – ескерілмеген ұсақ қателіктер үлкен қайғыға ұласуы мүмкін;
— Жүйелі түрде тексеріс жүргізу – әсіресе, қысқы маусым алдында мамандардың көмегіне жүгіну маңызды;
— Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – үйде балалар жалғыз қалатын жағдайда, ашық от көздерін пайдаланбау, тұрмыстық техниканы бақылаусыз қалдырмау.
Алдын алу – басты қорғаныс.
Шымкент қаласы ТЖД мамандарының айтуынша, өрттің алдын алу – тек құтқарушылардың емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – тек нұсқаулықпен шектелмей, күнделікті өмірде оны қолданумен ғана жүзеге асады.
Сондықтан қала әкімдігімен бірлескен түрде аудандық ТЖ басқармалары оқушылармен, ата-аналармен, мұғалімдермен, кәсіп иелерімен кездесулер өткізіп, профилактикалық буклеттер таратып, түсіндіру роликтерін көрсетіп, қауіпсіздіктің маңызын үнемі насихаттап келеді.
Қауіпсіздік – қолымызда.
Төтенше жағдайлардың алдын алу – уақытында жасалған қарапайым, бірақ маңызды әрекеттерден басталады. Мұржаны тазалау, электр құрылғыларын тексеру, эвакуация жолдарын ашық ұстау – осындай ұсақ көрінген әрекеттер үлкен апаттың алдын алуы мүмкін.
«Бір адамның салғырттығы – бүкіл отбасының немесе көпшіліктің қайғысына айналуы мүмкін» деген Б. Әбілқасым, эфир соңында тұрғындарды бейқамдыққа жол бермеуге шақырды.
Өрт – адамзат тарихындағы ең қауіпті апаттардың бірі. Одан қорғанудың ең тиімді жолы – алдын алу. Сондықтан қауіпсіздікке немқұрайлы қарамау – өзің мен жақыныңның өміріне жауапкершілікпен қарау деген сөз.
