• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Әкеге қарап ұл өсер

Автор:admin

Сен 20, 2022
Spread the love

«Әкесін тыңдап» емес. Демек әке әйелін базарға шығарып, өзі үйде жұмыссыз отырып «еңбекқорлық» туралы ақыл айтса, бала масыл боп өсері сөзсіз. Шылым тартып тұрып ұлын темекіден тыятын, ұстап алса зекіп салатын ата-ана оның санасында сенімсіздік, кереғар катарсис тудырады. Сөз бен істің сәйкестігі – басты феномен. Сіздің әр ісіңіз «өсиет», солай бойға сіңетін қасиетке айналады. Жауапкершіліктің бір ұшы өзіңізді ұстанымыңызда.

Бір қызығы, бала маскүнем әке-шешесінің әдетін жек көріп, жиреніп өссе де өмірлік қиын жайттарда бейсаналы түрде ішімдікке салынып кетуі мүмкін. Бұл жиі кездесетін факт. Яғни жеме-жемге келгенде ұзақмерзімді жады қоймасынан таңдау жасайтын кісі эгосы көре-көре «көзге сіңген» жолды шешім етіп қабылдайды.

«Не ексең, соны орасың» дегендей, сәбидің отбасы-ошақ қасында көріп, сезінген тәрбиесі, айналасындағылармен қарым-қатынасы оның алдағы өміріне тікелей әсер етеді.

Сөз энергетикасы – қатынасқа реңк береді

Практикалық өнегемен қатар сөзбен әдіптеу де энергетикалық әсері зор құрал екенін есте тұтқан абзал. Бала күнделікті 5-8 мәрте жақындарының құшақтауын, себепсіз әңгімелесуін қажет етеді. Мұндағы басты қағида шынайы болу. Сол кезде мына сөздерді қолданған дұрыс:

  • Мен саған сенемін!
  • Мен өзіңмен мақтанамын!
  • Кез келген сәтте өзіңмен біргемін!
  • Ақылдым сол..! Ақылыңнан айналайын!
  • Мен өзіңмен ақылдасқым келеді;
  • Мұның да дұрыс шығар;
  • Сенің де қателесуге хақың бар;
  • Маған… (баланың бір қасиет-ерекшелігі) ұнайды;
  • Менен кез келген нәрсе туралы сұрауыңа болады;
  • Сені ұрыссам да, жақсы көремін;
  • Неге бұлай болды деп ойлайсың?

Айтпақшы, бұл сөздер тек кинодағы кейіпкерлерге арналмағандығын ұмытпаңыз.

Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды

«Балаға жаның ашыса, оны аяма» дегеннің мәні беталды қаталдық емес, ата-ана тарапынан белгілі бір талаптың қойылуы деп ұққан жөн. Баланың бар қалауы ешбір сыни көзқарассыз жүзеге асуы – бақылаудың жоқтығынан, мұның соңы жақсылыққа апармайды.

Ата-ана жағдайға қатысты баламен түрлі формада байланыс жүргізуі тиіс. Тыйым да – вакцина, қажет тұсында!

Бала – үй айнасы

Ата-анамен қарым-қатынас баланың психикалық мінез-болмысын, ой-түсінігін, әлеуметтік ортадағы рөлін қалыптастыруда алғышарт. Бұдан да маңыздысы, бала бойынан, өзін-өзі ұстауынан ата-анасымен қарым-қатынас деңгейін көруге болады. Яғни әке мен шешенің бірін-бірі толықтырып, ортақ тәрбиелеуі бүлдіршіннің қоршаған ортасына сенімін, сезім-күйін қалыптастырады.

Психолог мамандардың зерттеуіне қарағанда, бала-ата-ана мәмілесі екі түрде жүреді:

Терең-қарапайым қарым-қатынас – күнделікті тұрмыстағы сезімге толы, эмоциялық тұрғыда толайым, баламен жүргізілетін, «байқалмайтын», мазмұнды әрі жанды байланыс. Тілі шықпаған нәрестемен тілдесу, оған ерекше назар аудару – баланы бақытқа бөлеп, дамуын ілгерілететін, оның бойындағы бар потенциалын ашып, гүлдеуіне жағдай жасайтын платформа.

Саяз-күрделі қарым-қатынас – формаға басымдық берілетін, өмірлік нақты қалыптасқан іс-шаралар бойынша құрылымдық байланыс. Көбінесе тергеу-сұрау түрінде көрініс табады. «Сабағыңды қарадың ба?», «Қайда жүрдің?», «Неге олай етесің?» деген сауалдар мен көбесі сөгілмеген тыйымдар. Мұның салдары бағусыз бетімен кеткен, ата-анасынан жасырары көп, меселі қайтқан мұңшыл күйге әкелуі әжеп емес.

Баланы дамытуда терең-қарапайым қарым-қатынастың рөлі басым. Баланың қалау-сұранысына жіті мән беру, оның қажеттілігін сезіну, онымен әңгімелесу, сіз үшін «болмашы» мәселені шешуге талпыну-талқылау қажет. Сонда баланың сізге сенімі беки түседі. Перзентіңіздің бойында болашақта маңызды мәселелерді тартынбай сізбен еркін бөлісіп, кеңесетін дағды қалыптасады. Қарапайым отбасылық қатынасты реттеп, кез келген «мәселенің» жауабын табуға әдеттенген баланың өмірге дайындығы ширап, иммунитеті нығаяды.

Терең-қарапайым қатынассыз баланы тәрбиелеу мүмкін емес. Бала бақытының кілті – осында. Әл-Фарабидің «Тек бақытты адамдар ғана ізгі істер атқаруға қабілетті болады» деген тәпсірінің астары риясыз сенім мен татулықты ұстын еткен ортада болса керек.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика