Бәйдібек ауданында мемлекеттік саясатты ақпараттық қолдау, Президент бастамаларын халыққа түсіндіру және ұлттық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Мемлекет басшысының Жолдауларында белгіленген «мәдениет саласын жаңғырту», «ұлттық құндылықтарды сақтау», «өңірлердің мәдени әлеуетін көтеру» міндеттері өңірде нақты істер арқылы көрініс табуда. Соның жарқын дәлелі – Бәйдібек ауданы өнерпаздарының облыстық шығармашылық додалардағы табыстары және мәдени инфрақұрылымның тұрақты түрде жаңғыртылуы.
Түркістан қаласының ерекше мәртебе атануы облыс көлеміндегі мәдени бастамалардың қарқын алуына жол ашты. Осы мәртебеге сәйкес ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі – өңір мәдениетін жаңа деңгейге көтерген ірі жоба. Фестиваль қорытындысында Бәйдібек ауданы бас жүлдені иеленіп, аудан өнерпаздарының жоғары кәсібилігін, ұлттық өнерді насихаттаудағы еңбегін айқын көрсетті. Салтанатты марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жеңімпаз ұжымдарға құрмет көрсетіп, Мемлекет басшысының мәдениет саласына ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
Ертай Кенжебекұлы өз сөзінде Түркістанға берілген ерекше мәртебенің өңірге артқан жауапкершілігін айта келе, мәдениет мамандарының осы жолдағы рөлін ерекше атап өтті. Өңірдің туристік әлеуетін күшейту, шығармашыл жастарды қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – қазіргі мәдени саясаттың басты бағыттары. Ал «Өнерлі өлке» фестивалі ұлттық өнер мен заманауи бағыттардың үйлесімін табысты көрсетті. Бір ғана фестиваль емес, «Ауыл – мәдениеттің бастауы» байқауы да ауыл мәдениетін жаңғыртуға ықпал етіп келеді. Биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып, 115 мәдениет үйі мен клубтың жұмысы сарапқа салынды. Бұл – ауылдық мәдениет ұйымдарының беделін арттырып, олардың шығармашылық белсенділігін күшейтуге мүмкіндік беріп отырған ауқымды жоба.
Фестиваль мен байқаулардың басты мақсаты – ұлттық мәдениетімізді жаңғырту, халық шығармашылығын жаңа форматта дамыту, ұлттық рухани мұраны жас ұрпақ санасына сіңіру. Осы бағытта Бәйдібек ауданының өнер ұжымдары облыстың шығармашылық кеңістігінде тұрақты түрде жетекші орын алып келеді. Аудан өнерпаздарының жетістіктері жергілікті мәдени саясаттың тиімділігін, халықтың шығармашылық белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетеді.
«Ауыл – мәдениеттің бастауы» байқауында Төлеби ауданының «Зертас» ауылдық мәдениет үйі бас жүлдені иеленсе, үздік деп танылған басқа да ұжымдар арнайы жүлделермен марапатталды. Мұндай қолдау – ауылдық мәдениет инфрақұрылымының дамуына, мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мотивациясын нығайтуға, халық өнерінің өрісін кеңейтуге ықпал етеді.
Облыс бойынша мәдени инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Биыл 4 жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 2 нысанның құрылысы аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл – Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту стратегиялық тапсырмасының тиімді орындалуының нақты көрінісі.
Бәйдібек ауданында мемлекеттік саясатты насихаттау тек мәдени жетістіктермен шектелмейді. Аудан аумағында ақпараттық-түсіндіру топтары Президент Жолдауларының мәнін, Үкімет пен Парламент қабылдаған реформалардың мазмұнын, ұлттық бағдар мен құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді халыққа кеңінен түсіндіріп келеді. Әлеуметтік желілерде, ресми ақпараттық алаңдарда мемлекеттік тілде жарияланатын материалдар тұрғындардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып, жалған ақпараттың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Бәйдібек ауданында ұлттық мәдениетті дамыту мен мемлекеттік саясатты насихаттау өзара сабақтас, бір-бірін толықтыратын жүйелі бағытқа айналды. Өнер ұжымдарының жеңістері, мәдени нысандардың жаңаруы, Президент бастамаларының жүзеге асуы – өңірдің мәдени-рухани дамуда жаңа деңгейге көтерілгенінің айғағы.
