Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлерімен бірлесіп кешкі уақыттағы рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған шара барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз қоғамдық орындарда жүру фактілерін анықтау, сондай-ақ жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және ата-аналардың жауапкершілігін күшейту мәселелері басты назарға алынды.
Рейдке аудандық полиция бөлімі, білім бөлімі және Жастар ресурстық орталығының мамандары қатысып, ойын-сауық орындары мен саябақтар, қоғамдық демалыс аймақтары және көшелер араланды. Нәтижесінде бірқатар жасөспірімдермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың ата-аналарына тиісті ескерту жасалды.
Сонымен қатар, шара кезінде тұрғындарға құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ақпараттық парақшалар таратылып, «Жасөспірім және заң», «Түнгі қаладағы балалар» тақырыптарында әңгіме өрбіді. Полиция қызметкерлері мен жастар ісі жөніндегі инспекторлар тарапынан кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрудің салдары мен жауапкершілік туралы түсіндірілді.
Жастар ресурстық орталығы өкілдері жастарды бос уақыттарын тиімді өткізуге, үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысуға, волонтерлік қызметпен айналысуға шақырды. Бұл бағыттағы жұмыстар құқықбұзушылықтың алдын алу мен жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға септігін тигізеді.
Аталған рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, алдағы уақытта да жалғасын табады. Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстар қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға және жасөспірімдердің теріс жолға түсуінің алдын алуға мүмкіндік береді.
