• Сб. Дек 13th, 2025
Популярные метки

ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІ — ЕРЛІК ПЕН АДАЛДЫҚТЫҢ СИМВОЛЫ

Автор:admin

Окт 15, 2025

Бүгін Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің гарнизоны Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күніне және Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай салтанатты ант қабылдау рәсімін өткізді.
Іс-шара Абай саябағындағы ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ескерткіші алдында өтті. Шараға департамент басшылығы, жеке құрам және жас мамандар қатысты.
Рәсім барысында жас құтқарушылар Отан алдындағы адал қызметке ант беріп, өз өмірін ел игілігі мен қауіпсіздігі жолында аямай еңбек етуге серт берді.

Ант қабылдау алдында қатысушылар қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұл – құтқарушы мамандығының қаншалықты жауапты әрі қауіпті екенін еске салатын ерекше сәт.
Салтанатты бөлім соңында құтқарушылардың саптық шеруі өтті. Бұл дәстүр — ел қауіпсіздігін күзетіп жүрген азаматтардың жауапты еңбегін құрметтеу мен ұрпаққа өнеге көрсету мақсатында ұйымдастырылады.
– Құтқарушы мамандығы – ерлік пен жанқиярлықты қажет ететін қасиетті міндет. Әрбір ант қабылдаған жас маман еліміздің тыныштығын сақтау жолында аянбай қызмет етеді, – деді іс-шара барысында сөз сөйлеген Шымкент қаласы ТЖ департаменті бастығының орынбасары Б.Қамбаров.
Жас құтқарушылар үшін ант қабылдау – олардың кәсіби жолындағы аса маңызды кезең. Бұл рәсім тек қызметке қабылданудың емес, халық алдындағы жауапкершілік пен өз ісіне адалдықтың айқын белгісі болып саналады. Құтқарушы болу – кез келген сәтте қауіппен бетпе-бет келуге дайын болу, адам өмірін бәрінен жоғары қою деген сөз. Осы жолды таңдаған әр маман рухы мықты, батыл әрі төзімді болуы тиіс.
Қазақстан құтқарушылары күн сайын өрт, су тасқыны, жол-көлік оқиғалары, техногендік апаттар мен тұрмыстық төтенше жағдайлар кезінде адамдарға көмек көрсетіп, талай жанның өмірін сақтап келеді. Олардың жұмысы көбіне көзге көрінбегенімен, қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы дәл осы мамандардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Биыл министрліктің 30 жылдығына орай ел көлемінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, құтқарушылардың еңбегі мен кәсіби дайындығын арттыруға бағытталған бағдарламалар іске асырылып жатыр. Шымкенттегі ант қабылдау рәсімі – осы мерейтойлық шаралардың маңызды бөлігінің бірі. Ол жас қызметкерлерді жігерлендіріп қана қоймай, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен қызметтік борышқа адалдықты нығайтуға ықпал етеді.
Құтқарушылар күні – батырлықтың, жанқиярлықтың, өзгенің өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тігуге дайындықтың мерекесі. Әрбір құтқарушы – қоғам үшін сенім, қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тірегі. Сондықтан бұл күн еліміздің барлық азаматтары үшін ерекше құрметке ие.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *