Бүгінде отбасындағы сақталар құндылықтардың маңызы қалмай бара жатқан тәрізді. Неге десеңіз, екі күннің бірінде ажырасу, болмашы дүниеге бола сөзге келіспей қалу сынды дүниелер қазіргі қоғамда көптеп орын алуда. Оның үстіне еліміздегі соңғы кездері кеңінен етек жая бастаған ғаламторлық байланыстар да жас жұптардың арасындағы татулыққа сына қағып, сыйластыққа сызат түсіріп әлек. Не керек, әйтеуір бірін-бірі көре алмаушылық, қызғаншақтық, түсініспеушілік сынды енжар қылықтар енді үй болған жас жұптың жарасымдылығын бұзып жатқандай. Салдарынан жарық дүние есігін ашқан бейкүнә сәбилер жетімге айналып, бала құшақтаған жалғызбасты келіншектер көше кезіп, қоғамннан өз орнын таппай жүр. Біз бүгінгі күні бала тәрбиесі деп қаншама жерден дабыл қаққанымызбен, қалыпты өмірді қисық арнаға түсіріп жатқан орынсыз әрекеттер жиілеп барады. Сол жағдайдың салдарынан бала тәрбиелеудегі осалдығымыз әлі де байқалады. Рас, толық отбасында толық тәрбие алмаған бала ертең кім боп өсетіні белгісіз. Бар білеріміз әкесіз өскен бала әкенің қоғамдағы рөлін сезінбейді, шешесіз өскен сәби аналық мейірімнен ада боп өседі. Жақында, сыртынан білетін, былайғы өмірінде көп қатыстығым жоқ, құда-құдандалыққа жолымыз келетін бір таныс жігітті отбасын құрды деп естідім. Ауқатты отбасының жалғыз баласы үйленді, қолына қондырған адал жарымен қыз бен жігіт ретінде 6 жылдай жүріпті дегенді де естідік. «Бәрекелді» десіп, іштей қуанғанымыз да жасырын емес. Арада уақыт өте әлгі жігітті орталықтан жиі жолықтырып қалып жүрдім. Түнгі уақыттарда көше мен кафенің төрін бермейтін болып алған. Бірде қыздармен жүрсе, енді бірде достарымен жүреді. Әдетте отбасылы адам бұлай жүрмеуі керек еді ғой деген ой мені ара-тұра мазалайтын-ды. Алайда, ол үйлене салып, арада 5-6 ай өтпей, ажырасып кетіпті. Міне, болашағы баянсыз отбасы дерсіз. Кеше тігілген отаудың керегесі сөгіліп, келешегі құрдымға кетті. Ал, жігіт болса баяғы бойдақ күнімен қайта қауышып, іштегі уды умен басқысы келіп әлек. Бұл жағдайдың орын алғанына сенудің өзі қиындау. Себебі, алты жыл бойы жүрген жігіт пен қыздың алты ай өтпей жатып бір-бірінен суынуына не себеп болды деп ойлайсыз. Сол сұраққа біз жауап таппай қойдық. Бірақ, мұндай жағдайлар өмірде жиі орын алып жатыр. Бұл өмірдің өзі дәлелдеген бір ғана мысал. Ал, еліміздің түкпір-түкпірінде нендей жағдайлар орын алып жатқанын кім білген?! Бар білеріміз өзін-өзі жесір етіп, баласын ерткен жас келіншектер қатары көбейіп барады. Олар үшін бұрын тұрмыста болу маңызды емес. Соның кесірінен бүгін күйеуге шығып, ертесіне ажыраса салу сәнге айналған. Себеп сұрасаң, нақты айғақ жоқ. Тек жанына желеу еткендері түсінісе алмадық немесе жағдайым болмады деген болмайтын сылтаулар. Олар үшін қоғамның көзқарасы, жақын-жуықтың жайы қызық емес. Сол қоғам қызықтырмаған қу бастылардың көрсеткіші ауданымыз көбейіп тұр.
R-ақпарат