Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында орналасқан №101 жалпы білім беретін мектепте Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай отырысында берілген тапсырмаға сәйкес, «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында тәрбие жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың 9 желтоқсанында мектеп директоры Н. Усманов бастамасымен «Қауіпсіз қоғам – өмірге салауатты қадам» атты ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы іске асырылды.
Жобаның басты мақсаты – оқушыларды патриоттық санаға, ұлттық бірегейлікке, әлеуметтік құзыреттілікке және мәдени дәстүрлерді құрметтеуге баулу. Сондай-ақ, бұл шара жастардың бойында ұлттық рухты, эмоционалды интеллектіні дамыту, дарынды және шығармашыл жастарды анықтау мен қолдауға бағытталған.
«Қауіпсіз қоғам – өмірге салауатты қадам» жобасы аясында мектеп оқушылары 8-11 сыныптардан құрылған топтарымен танымал азаматтармен, атақты спортшылармен және қоғам қайраткерлерімен ашық алаң форматында кездесті. Жобаны мектеп директоры Н. Усманов, ДТЖО М. Астанова, ОІЖДО Д. Абдирахманова, К. Халмуратова және ҰП М. Турашевалар бастаған команда ұйымдастырды.
Кездесуге ауылымыздың танымал азаматтары, елімізге еңбегі сіңген тұлғалар қатысты. Солардың ішінде мектебіміздің «Даналық мектебі» төрағасы, танымал сөз ұстасы, медицина саласында 40 жыл еңбек еткен Адил ата Халмуратов, педагогика саласында көп жылғы тәжірибесі бар зейнеткер ұстаз Мамлакат апа Құрбанбаева, «Стол теннисі» бойынша Параолимпиада чемпионы Ешимов Тоймұрат Момынжанұлы және «Дзюдо күресі» бойынша Әлем чемпионы Эгамбердиев Сунатқұл Сайдазимұлы, сондай-ақ соғыс ардагерлеріне теңестірілген У. Анарметов, Б. Сидиқов, А. Тошметовтар қатысты.
Кездесу барысында қонақтар өздерінің өмірлік жолдары мен кәсіби жетістіктері туралы әңгімелеп, оқушыларға білім мен еңбек арқасында биік жетістіктерге жетуге болатынын көрсетті. Адил ата Халмуратов 1952 жылы Қарабұлақ ауылында дүниеге келіп, медицина саласында 1976–2015 жылдар аралығында еңбек еткенін, көптеген марапаттарға ие болғанын атап өтті. Мамлакат апа Құрбанбаева педагогика саласында ұзақ жыл еңбек етіп, мектепте директорлық қызмет атқарғанын және зейнеткерлікке шыққанға дейін көптеген шәкірт тәрбиелегенін жеткізді.
Спортшылар да өз жетістіктерін оқушыларға таныстырды. Ешимов Тоймұрат Момынжанұлы, 1968 жылы Сайрам ауданы Көлкент ауылында дүниеге келген, параолимпиада чемпионы және бірнеше республикалық чемпионаттардың жеңімпазы. Ол оқушыларға спорт арқылы өз мүмкіндіктерін дамытуға, мақсатқа жету үшін табандылық танытуға болатындығын айтты. Әлем чемпионы Сунатқұл Эгамбердиев 1965 жылы туған, дзюдо күресі бойынша әлемдік жетістіктерге жеткен, оқушыларға тәртіп, табандылық және спорт арқылы патриоттық рухты қалыптастырудың маңыздылығын түсіндірді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қонақтарға қойып, тәжірибелі азаматтардан нақты жауаптар алды. Бұл шара балаларға тек мотивация беріп қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, азаматтық және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етті.
Сонымен қатар, жоба аясында оқушыларға ұлттық рух пен патриотизмді, өз халқына және дәстүрлеріне деген құрмет сезімін тәрбиелеу, шешендік өнердің ұлттық құндылығын дәріптеу, білімге, ғылымға және спортқа деген қызығушылықты арттыру бағытындағы іс-шаралар жүргізілді.
Мектеп басшылығы мен ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық алаңдағы кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізіледі. Олардың мақсаты – жас ұрпақтың бойында патриоттық, әлеуметтік және мәдени құндылықтарды қалыптастыру, оқушыларды білімге, шығармашылыққа және қоғамға пайдалы қызметке баулу.
Жобаның нәтижесінде оқушылар тек білім алып қана қоймай, тарихи және мәдени құндылықтарды танып, өз халқына деген құрмет пен сүйіспеншілікті бойларына сіңірді. Сондай-ақ, кездесуге қатысқан танымал азаматтар мен спортшылардың мотивациялық әңгімелері балаларға өз өмірлік мақсаттарын айқындауға және сол мақсатқа жету жолында табандылық танытуға ықпал етті.
Қарабұлақ мектебінде ұйымдастырылған бұл жоба – жастардың патриоттық санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және дарынды шығармашыл жастарды анықтап, қолдауға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық шара болып отыр.
