Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Шымкент қаласы соңғы жылдары туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қалаға 242 мыңнан астам турист келіп, орналастыру орындарының саны 159-ға жетті. Қонақ үйлер мен хостелдерде көрсетілген қызмет көлемі бір жыл ішінде 20%-ға өсіп, 6,3 млрд теңгені құрады.
Қалада туристік инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. 2024–2025 жылдары 11 қонақ үй жобасы қолға алынып, олардың ішінде 8 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы үш қонақ үй ашылады деп күтілуде. Сонымен бірге, әлемдік деңгейдегі «Hilton» қонақ үйінің құрылысы жүріп жатыр. Табиғи демалыс орындарын дамыту мақсатында Бадам су қоймасында «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы басталды.
Шымкент қаласы туристер үшін жаңа бағыттар ұсынып отыр. Түркістан–Ташкент–Ақсу-Жабағалы–Шымкент бағытына арналған 4 күндік маршрут кеңінен танылса, биыл алғаш рет «Jibek Joly» туристік пойызы қалаға аялдады. Жаңа әуежай терминалының ашылуы нәтижесінде Шымкенттен Сиань, Мюнхен, Сеул секілді шетел қалаларына тікелей рейстер іске қосылды.
Қалада туризмді цифрландыруға ерекше көңіл бөлінген. «Visit-shymkent.com» порталы, QR-кодтар, интерактивті карталар, «2ГИС» қосымшасына енгізілген нысандар туристерге қолжетімді ақпарат ұсынады. Ал «ДәмДәсTour», «Street Food Fest» секілді фестивальдер мен халықаралық блог-турлар қаланың имиджін арттыруға ықпал етуде.
Креативті индустрия бағытында да серпінді қадамдар жасалуда. Қалада 2,3 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істейді. 2025 жылы ашылған «Shymkent Creative HUB» алаңы шеберлік сабақтары мен шығармашылық жобалардың орталығына айналды. Бұл бастама контент-мейкерлерге, жас таланттарға жаңа мүмкіндіктер беріп отыр.
Халықаралық ынтымақтастық саласында да белсенділік байқалады. Жыл басынан бері 26 дипломатиялық кездесу ұйымдастырылып, Франция, Қытай, Еуропалық одақ елдері, Қырғызстан және Болгариямен жаңа жобаларға жол ашылды. Парижде «Шымкент күндері» өтті, Ош қаласымен бауырластық байланыстар нығайтылды, ал Пловдив қаласымен жаңа серіктестік орнатылды.
Жалпы, туризмді, креативті индустрияны және халықаралық әріптестікті дамыту Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне серпін беріп, қаланың аймақтағы іскерлік және мәдени орталық ретіндегі мәртебесін арттыра түсуде.