• Пн. Дек 22nd, 2025
Популярные метки

ҚАЛАНЫ ЖЫЛЫТҚАН ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕК

Автор:admin

Ноя 19, 2025

Кентау қаласының инженерлік инфрақұрылымында айрықша маңызға ие нысандардың бірі – «Кентау Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. 1934 жылы іргетасы қаланған бұл кәсіпорын сонау индустрияландыру жылдарынан бері қаланың энергетикалық тірегі болып, тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандарды жылыту ісінде стратегиялық рөл атқарып келеді. Қала өмірінің тоқтаусыз жүруі, өндіріс орындарының қалыпты жұмыс істеуі, көпқабатты үйлер мен балабақша, мектеп, аурухана сынды әлеуметтік нысандарға жылудың дер кезінде жеткізілуі – осы мекеменің кәсіби жұмыс жүйесіне тікелей байланысты.

Бүгінде кәсіпорында 352 қызметкер еңбек етуде. Олардың әрқайсысы – инженерлік жауапкершілігі жоғары саланың үздік мамандары. Арасында көп жылғы еңбек өтілі бар машинистер, операторлар, авариялық бригадалар, қазандық пен турбина қондырғыларының мамандары, механиктер мен энергетиктер бар. Осындай кәсіби құрамның ішінде ерекше еңбегімен көзге түсетін жандардың бірі – қазандық және турбина цехының бастығы Азамат Башеков.

Азамат Башеков – бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі энергетик. Оның күнделікті жұмысы – тек техникалық процеске бақылау жасау ғана емес, тұтас қаланың жылу қауіпсіздігі мен тұрақты энергиямен қамтылуын қамтамасыз ету. Қаладағы мыңдаған абоненттің үйіне жылу жетуі, әлеуметтік нысандардың қалыпты режимде жұмыс істеуі, кәсіпорындардың тоқтаусыз энергия алуы – осы цехтың үйлесімді жұмысына тәуелді.

«Жылу маусымы басталды. Жылу маусымына жақсы дайындықпен кірдік. Қазіргі таңда 3 қазандық пен 2 турбина тұрақты жұмыс істеп тұр. Сағатына 8–9 МВт электр қуатын өндіріп жатырмыз. Жедел персонал тәуліктік ауысыммен қызмет атқарады. Әр ауысымда 13–14 адам жұмыс істейді», – дейді цех басшысы.

Энергетика саласы – үздіксіз қозғалыстағы күрделі жүйе. Қазандық пен турбина агрегаттарының әр минуттық жұмысы жүздеген техникалық параметрдің дәлдігіне тәуелді. Жылу өндіру, бу қысымы, температуралық режим, су дайындау жүйесі, қондырғылардың тозу деңгейі, қауіпсіздік алгоритмдері – бәрі тұрақты бақылауды қажет етеді. Бір ғана ақаудың немесе техникалық ауытқудың өзі тұтас желіні тоқтатып тастау қаупін тудыруы мүмкін.

Сондықтан бұл салада еңбек ететін мамандардың кәсібилігі, салмақты шешім қабылдай білуі және техникалық сергектігі айрықша бағалы. Азамат Башеков басқаратын цехтың жұмысшылары тәуліктің кез келген уақытында өндірістің тұрақты жүруін қадағалайды. Олар – өз ісінің шебері, технологиялық тәртіпті, қауіпсіздік ережелерін мінсіз сақтайтын тәжірибелі кадрлар.

Түнгі ауысым болсын, демалыс күні немесе мереке болсын – энергетиктер үшін жұмыс тоқтамайды. Себебі қалаға жылу мен жарық үздіксіз қажет. Қыс мезгілінің ең суық күндерінде қазандықтардың бір қалыптан ауытқымауы, турбиналардың тұрақты жұмыс істеуі – олардың өзіне жүктелген жауапкершілігін адал атқаруының айнасы.

«Кентау Сервис» МКК инженерлік-инфрақұрылымдық саланы дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Жыл сайын қазандық жабдықтары кезең-кезеңімен жөнделеді, жылу желілерінің тозған бөліктері ауыстырылып, сорғы станциялары қайта жаңғыртылады. Қала ішіндегі жылу жүйелері мен инженерлік нысандарда кешенді жұмыстар жүргізу – мекеменің басты міндеттерінің бірі. Өйткені энергетикамен қамтудағы тұрақтылық – тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей ықпал етеді.

Бүгінде Кентаудағы инженерлік инфрақұрылым жүйесі жаңғырту жұмыстарын қажет ететін нысан болғанымен, кәсіпорын ұжымы сол жауапты міндетті абыроймен атқарып отыр. Қала дамып, тұрғындар саны артқан сайын жылу мен энергияға деген сұраныс та көбейуде. Осы орайда мекеме мамандары жүйені жаңарту, қондырғыларды жаңғырту бағытында жоспарлы жұмыстарды тұрақты жағдайға келтіруде.

Энергетиктердің қажырлы еңбегі – сырт көзге байқалмайтын, бірақ қала тіршілігін қамтамасыз ететін аса маңызды жұмыс. Қыстың қақаған аязында үйлердің жылы болуы, ауруханалар мен мектептердегі қалыпты температура, өндірістік нысандардағы үздіксіз жұмыс – осы мамандардың жауапкершілігі мен кәсібилігінің жемісі.

Кентаудың инженерлік инфрақұрылымын дамытатын негізгі күш – осындай тәжірибелі кадрлар. Олардың еңбегі – қаланың тынысын ұстап тұрған энергия.

 

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *