• Пн. Дек 22nd, 2025
Популярные метки

ҚАЛАНЫҢ КӨРКЕЮІНЕ ҮЛЕСІ БАР – ЕҢБЕК АДАМЫ

Автор:admin

Ноя 19, 2025

Кентау қаласының бүгінгі келбеті – жай ғана табиғи қалыптасқан көріктілік емес, ол – күн сайын тынбай еңбек етіп жүрген жүздеген коммуналдық қызметкерлердің маңдай терінің нәтижесі. Сол жауапты саланың негізгі тірегі болып отырған мекемелердің бірі – «Жасыл қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл мекеме қаланың абаттандыру жүйесін толық қамтамасыз етіп, көшелер мен саябақтарды күтіп ұстау, жасыл желекті көбейту, қаланың санитарлық жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың басым бөлігін өз міндетіне алады.

Кентау қаласының экологилық ахуалына оң әсер етіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруда «Жасыл қала» КММ-нің жұмысы ерекше маңызды. Мекеменің негізгі қызметіне саябақтар мен аллеяларды ретке келтіру, гүлзарлар мен скверлерді күту, көше бойын көгалдандыру, тал егу, декоративті өсімдіктерді көбейту, жас көшеттерді суару, шаһардың әр бөлігін жарықтандыру жұмыстары кіреді. Мұндай жұмыстарды жүйелі әрі сапалы атқару – қаладағы инженерлік-инфрақұрылымдық дамудың негізгі көрсеткіштерінің бірі.

Осы жауапты саланың үздік мамандарының бірі – 20 жылдан астам тәжірибесі бар агроном Ғафуржан Юлдашев. Ол – «Жасыл қала» мекемесінің айнымас тірегі, жыл он екі ай бойы қаланың жасыл желегін күтіп-баптауды өз өмірінің басты міндеті санайтын білікті маман. Агроном ретінде ол әрбір ағаштың, әрбір гүлзардың жағдайына жіті назар аударып, қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады.

Ғафуржан Пазылұлы – күнделікті жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын маман. Қала аумағын көгалдандыруда оның қолтаңбасы айқын көрінеді. Әрбір отырғызылған тал мен әрбір гүл шоғы – қала тұрғындарының жайлы өмірі үшін жасалған еңбек. Қазіргі уақытта, әсіресе күз мезгілінде, көгалдандыру жұмыстары ерекше қарқынға ие. Көшеттер отырғызу, тұқым себу, тыңайтқыш енгізу, топырақ құрылымын жақсарту, суғару жүйелерін реттеу – агроном үшін маусымдық басты бағыттар болып табылады.

Кентаудың климаттық ерекшеліктерін ескерсек, жасыл желекті сақтау оңай шаруа емес. Қуаңшылық, аптап ыстық, тұздану сияқты табиғи факторлар өсімдіктерге айтарлықтай әсер етеді. Осындай күрделі жағдайларда өсімдіктердің жерсінуі үшін білікті агрономдардың тәжірибесі ауадай қажет. Ғафуржан Юлдашев ұзақ жылдар бойы жинаған кәсіби тәжірибесінің арқасында өсімдіктердің ерекшеліктерін, олардың күтімін, аурулармен күресу жолдарын толық меңгерген.

Ол тек маман ғана емес, сонымен бірге отбасында да, қоғам ішінде де сыйлы жан. Төрт перзент тәрбиелеп, немере сүйіп отырған Ғафуржан Пазылұлы – еңбек адамының шынайы үлгісі. Өзінің жұмысына деген адалдығы, қарапайымдылығы, ұқыптылығы – жас мамандарға да үлгі болып отыр. Оның бойындағы еңбекке деген құрмет пен жауапкершілік – бүгінгі қоғам үшін маңызды адамгершілік құндылықтардың бірі.

Кентау қаласының көркейген келбеті – жасыл желектің көптігімен, саябақтардың әдемілігімен, гүлзарлардың сан алуандығымен тікелей байланысты. Бұл – қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастырудағы аса маңызды көрсеткіш. Ал осы көріністі жасау жолында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегі – бағалауға лайық үлкен жауапкершілік.

«Жасыл қала» мекемесі жыл сайын қаланың әр бөлігінде жаңа жасыл аймақтарды қалыптастырып, қолданыстағы скверлерді жиі жаңартып отырады. Бұл жұмыстардың барлығы инженерлік инфрақұрылымның бір бөлігі ретінде қарастырылып, қаладағы абаттандыру жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған. Суғару желілері, жарықтандыру жүйелері, жас көшеттердің өсу алаңдары – барлығы да тұрғындардың өмір сапасын жақсартатын негізгі факторлар.

Қазіргі таңда Кентауда өңірді дамыту бағытында көптеген жобалар іске асырылып келеді. Сол жобалардың ішіндегі ең маңыздысы – экологиялық тұрақтылықты арттыру және жасыл белдеулердің көлемін көбейту. Бұл бағытта «Жасыл қала» қызметкерлерінің еңбегі орасан. Көшеттердің уақытылы отырғызылуы, көпжылдық өсімдіктерді дұрыс таңдау, суғару жүйелерін жаңарту – барлығы өңірдің ұзақ мерзімді дамуына ықпал етеді.

Қаладағы абаттандыру саласының артында көзге көрінбейтін, бірақ қала тіршілігі үшін аса маңызды еңбектер жатыр. Таң атпай жұмысқа кірісіп, күннің ыстығы мен суығына қарамай жасыл-желекке жан бітіріп жүрген мамандардың еңбегі – нағыз азаматтық ерлік.

Кентаудың бүгінгі жасыл, көркем, таза бейнесі – Ғафуржан Юлдашев сияқты еңбек адамдардың маңдай терінің нәтижесі. Қаланың әрбір гүлзары, әрбір көк желегі – олардың адал еңбегінің белгісі. Осындай жандардың табанды еңбегі қаланың көркеюіне, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне және өңірдің тұрақты дамуына үлкен үлес қосып отыр.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *