2025 жылдың қорытындысы бойынша округтің өзіндік кірістер жоспары 98,2 млн теңге болып белгіленсе, нақты орындалуы 129,7 млн теңгені құрап, жоспар 132 пайызға артығымен орындалды.
Инвестиция тарту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жылдық жоспар 2 млрд 764,1 млн теңге болса, жыл қорытындысымен жалпы көлемі 3 млрд 74,5 млн теңгені құрады. Бұл – жоспардың 111,2 пайызға орындалуы немесе 310,4 млн теңгеге артық.
Әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны төмендеді. 2025 жылға жоспарланған 73 отбасының орнына нақты 44 отбасы көмек алды. Келесі жылға жоспар 36 отбасы болып бекітілді. Бұл – тұрғындардың табысы артып, әл-ауқатының жақсарып келе жатқанын білдіреді.
Кәсіпкерлік пен аграрлық секторда да оң динамика бар. Округ аумағында 6 жылыжай жұмыс істейді, олардың жалпы көлемі 9,5 гектар. Көкөніс бағытындағы жылыжайлардан 135 тонна қияр, 12 тонна қызанақ өндірілді. Сонымен қатар банан мен лимон өсіру қолға алынған. «GEN group» жылыжайы 100 тонна, жеке кәсіпкер «Шымыр Медет» 20 тонна лимон өнімін алды.
Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 650 млн теңге қаралып, 2024 жылы 12 ішкі көше асфальтталды. 2025 жылы тағы 7 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.
Алдағы уақытта да Қайнарбұлақ ауылдық округінің дамуы, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады.
