ҚАЗЫҒҰРТТАҒЫ «НҰХ ПАЙҒАМБАР КЕМЕСІ» МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕНІ ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТІП, ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Қазығұрт асуында орналасқан «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені толық жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті құттықтады. Әкім кешеннің ұлттық рухты көтеретін, тарих пен дәстүрді дәріптейтін ерекше нысан екенін атап өтті.
«Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені 2004 жылы бой көтерген. Жаңғырту жұмыстары 2024 жылдың шілде айында басталып, 2025 жылдың қазанында аяқталды. Жобаны «Қарағанды Көркем» ЖШС жүзеге асырды. Кешеннің жалпы аумағы – 5 гектар. Аумағында биіктігі 51 метр болатын мемлекеттік Ту орнатылып, 1880 шаршы метрге газон төселді. Сонымен қатар 29 жарықтандыру шамы қойылып, 400 түп шырша көшеті егілді, бұл аймақты абаттандыру мен көркейтуге бағытталған.
Мемориалдық кешен құрамына кеме пішіндес, биіктігі 11 метр болатын монумент, нақыл сөздер жазылған үш монумент, екі демалыс орны, екі сауда орны және әжетхана кіреді. Жаңғыртылған нысан әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, туристік әлеуетті арттыруға және елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсартуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кешеннің ел рухын асқақтататынын, Қазығұрт өңірінде туризмді дамытуға серпін беретінін атап өтті. Бұл шаралар халыққа патриоттық сезімді нығайтуға, мәдени және рухани құндылықтарды дәріптеуге, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған.
