Күнделікті өмірде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты кеңінен көрсетумен бірге, әйелдердің маңызды рөлін сипаттайтын дәстүрлі мәдениеттегі алдыңғы қатарлы рухани құндылықтарды насихаттауға аса мән берген дұрыс. Ананың балаға тәрбие беруі уақыттық факторға тікелей байланысты. Жаһандану жағдайында кәсіби тұрғыдан бәсекеге қабілетті болу талабы жас жеткіншектердің барлығына ортақ болып отыр. Бұл заман талабы. Заман талабына сай болуға тырысу отбасында қыз балаларды отбасылық өмірге дайындаудан бұрын кәсіби тұрғыдан дайындауға көп көңіл бөлумен алмастырылуда. Осыған орай, болашақ қазақ аналарының отбасындағы бейнесінің қалай қалыптасуы мемелекеттің отбасыға қатысты ұстанымдарымен, саясатымен тікелей байланысты. Кәсіби тұрғыдан қаншалықты бәсекеге қабілетті болғанмен де, әйел адамға бақытты отбасын құру, өмірге бала әкелу, оны тәрбиелеу, аналық махаббатты сезіну, өзінің жақын адамдарына жылылық сыйлау өте маңызды. XXI ғасырда шығыс және батыс өркениеттерінің өзара ықпалдасуы жаһандану жағдайында бірінің екіншісін ығыстырып шығаруына емес, тек қана жақсы үлгілерді қолдауға негізделуі тиіс. Дәстүрлі отбасы институтының рухани құндылықтарын өзектендіру, қазіргі кезеңде көбейіп бара жатқан әлеуметтік жетімдердің, жартылай отбасылар санының азаюына әкелуі сөзсіз. Ал әлеуметтанушы мамандар бұл мәселелерді тиімді түрде шешуге тікелей атсалысуы тиіс. Отбасындағы салауаттылық-өркениетті қоғам талабы. Өйткені ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын дәстүрлер мен мұраттар, көбінесе отбасында дамып, байытыла түседі. Адамды өзара түсіністікке алып келетін шынайы да тұрақты сүйіспеншіліктің дәстүрі де тек салауатты отбасында қалыптасады. Отбасы адамзат баласының дүниеге алғаш рет келгенде есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп, ер жететін, тәрбие алатын аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда да, қай елде болсада адамзат ұрпағы үшін отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа да еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Себебі отбасы мүшелерінің бір-біріне деген кісілік қарым-қатынастары олардың жаны мен қанының табиғи бірлігіне — туыстығына негізделген жақындық. Отбасы тәрбиесінің күші де осында. Отбасы тәрбиесінде және мектепте ғылыми мағлұматтар мен халық тәрбиесіне негізделген әдіс-тәсілдерді қолдана отырып жас жеткіншектердің ұлттық сана-сезімін, имандылық қадір –қасиетін қалыптастыруда ата-ананың ролі зор. Ана отбасының жаны мен сәні, жылуы екенін, «Шешесін көріп қызын ал» деген мақалдың орынды айтылғандығын, әке-шаңырақтың нағыз тірегі, отбасы балалары үшін асқар тау, алып қорған және теңдесі жоқ педагогикалық қазына екендігін айта отырып, жасөспірімді тәрбиелеуге әке рөлінің зор екендігін ұғындырған. Ең бастысы – отбасындағы, отбасы ошақ қасындағы тәрбиенің әлсіздігі баланың бақылаусыз бетімен кетуі. Тәрбиенің үйлесімсіздігі, мектеп пен ата-ана, мектеп пен мектептен тыс тәрбие орталықтарының арасында байланыстың жоқтығы. Бала тәрбиесіндегі отбасы рөлінің қандай екендігі атам қазақ «Ұяда не көрсең-ұшқанда соны ілесің» деп бір ауыз сөзбен-ақ айқындап берген жоқ па? Баланың бақылаусыз, қараусыз қалуы салдарынан оған берген тәрбие, құмға сіңген судай із-түзсіз кетеді. Себебі, бақылаусыз қалған баланың қолы бос, ешнәрсемен айналыспайды. Қайта сол бос уақытында түрлі жағымсыз әдеттерге бас ұрады. Шетелдік түрлі кинолардан көрген жауыздықтан, қатыгездіктен жасқанбай, сол жасқанбаушылықтарын өздерінше дәлелдегісі келіп ұрынарға қара іздейді, жаман жолға түсіп қылмысқа барады.
R-ақпарат