АҚШ Мемлекеттік департаментінің адам саудасы туралы есебі жарияланды, онда Қазақстан билігі 2021 жылы күш-жігерін арттырғанын, атап айтқанда, елде адам саудасы бойынша сотталғандар санының артқаны, әйелдерді жыныстық қанау мақсатында шетелге тасымалдауға қатысы бар шенеуніктерді айыптау үкімдерінің көбейгені айтылған. Бұған қоса, билік құл саудасының құрбандарына арналған баспаналарды қолдау үшін қаржыландыруды арттырды және үкіметтік емес және халықаралық ұйымдармен, соның ішінде бүкіл ел бойынша ақпараттық науқандар арқылы ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырып жатқандығы көрсетіліп өткен.
2008 жылы Қазақстан адам саудасына қарсы күрес жөніндегі бірінші маңызды халықаралық құжатты – 1926 жылғы Құлдық туралы конвенцияны ратификациялады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын «адам саудасы» санаты бойынша 100-ге жуық сотқа дейінгі тергеп-тексеру жағдайлары тіркеледі, нақты статистика бойынша:
2019 жылы – 182,
2020 жылы – 111,
2021 жылы – 103,
2022 жылы 6 айы – 57.
2019-2022 жылдар аралығында сексуалдық қанаудың – 131, мәжбүрлі еңбектің 33 құрбаны, 28 жаңа туған нәрестелер мен жас балалар құрбан болды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі адам саудасы фактілерін ашуға бағытталған республикалық жедел-профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жүргізіп отыр. Елде басқа елдерге (көп жағдайда Бахрейн, Оңтүстік Корея, Түркия және т.б. мемлекеттер) «тірі тауарды» экспорттауға бағытталған ұйымдасқан топтардың және арналардың заңсыз әрекеттері жолын кесуде.
Осылайша, 2021 жылдың желтоқсанында Бахрейн Корольдігінде сексуалдық қанау үшін адам саудасымен (оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар) айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың 17 мүшесі әртүрлі мерзімге (1 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылды) сотталды.
ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Нұрмағамбетов:
-– Бүгінде бізде осы санаттағы қылмыстардың алдын алу, ашу және тергеуде біршама тәжірибеміз бар. Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын әзірлеу. Адам құқықтарын қорғау және адам саудасына қарсы күрес саласындағы ратификацияланған халықаралық конвенциялардың көптеген ережелері ұлттық заңнамаға енгізілгенімен, елімізде жеке заң қабылданған жоқ. Заңның тұжырымдамасын әзірлеу мерзімі 2022 жылдың қыркүйегі, заң жобасы 2023 жылдың сәуірі дайын болады деп жоспарланып отыр. Заңның қабылдануы адам саудасына қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруға, ұлттық заңнаманы жетілдіруге, халықаралық ынтымақтастықты жандандыруға және елдегі құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді, – деді.
Бұл жұмысқа ықпал еткен негізгі фактор – адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия нысанында жұмыс істейтін мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы диалог алаңы болды. Осындай өңірлік комиссиялар облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің жанынан жұмыс істейді.
Қазақстандағы адам саудасының қазіргі жағдайы туралы Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Азимова:
– Жеке заң қабылдаудан бірден әлеуметтік-экономикалық нәтиже алу мүмкін емес. Бұл заңнамалық базаға қатысты мәселе және тәжірибе мен тәсілдерді өзгертуді талап етеді. Ендігі үкіметтің әлеуметтік көмекке жұмсайтын инвестициясы қандай нәтиже беретінін көруге болады. 2023-2025 жылдарға 290 миллион теңгеден астам қаржы (шамамен 323 адам әлеуметтік көмек алады) бөлу жоспарлануда. Біз заңның қабылдануынан оң және ұзақ мерзімді нәтиже алғымыз келеді және біз оған бәрін салуға тырысамыз. Дегенмен, нәтижеге жету үшін көп жұмыс істеу керек.