«Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі», – деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында.
Мемлекет басшысы сондай-ақ: «Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет. Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту қажет. Бірақ негізгі жауапкершілік – Үкіметте», – деді.
Аталған бағыттарды іске асыру мақсатында Шымкент қаласында цифрлық құралдар мен автоматтандырылған жүйелер енгізілуде.
Сонымен қатар, Гонконгтағы Belt and Road халықаралық саммиті аясында Гонконг әуежайы мен «Шымкент әуежайы» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл құжат – Шымкенттің халықаралық авиация және логистика саласындағы әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Меморандум аясында тараптар әуе көлігі, жүк логистикасы, терминалдық қызметтер және цифрлық технологиялар бойынша өзара тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісті. Бұл ынтымақтастық Шымкент әуежайының халықаралық стандарттарға сәйкестігін арттырып, Еуразия кеңістігіндегі маңызды транзиттік нүктелердің біріне айналуына жол ашады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы – Қазақстанның ғана емес, Орталық Азия өңірінің ірі көлік-логистикалық орталықтарының бірі. Қала географиялық тұрғыдан Қытай, Ресей, Таяу Шығыс пен Еуропа арасындағы маңызды көлік дәлізінде орналасқан. Бұл жағдай Шымкенттің жүк тасымалы мен сауда қатынастарының басты торабына айналуына сеп болуда.
Соңғы жылдары қалада теміржол, автокөлік және әуе инфрақұрылымын жаңғырту бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Соның ішінде «Шымкент әуежайы» АҚ-ның техникалық мүмкіндіктері кеңейтіліп, жүк терминалдары мен жолаушыларға қызмет көрсету нысандары қайта құрылды. Бұл өзгерістер әуежайдың жүк және жолаушылар ағынын тиімді басқаруына мүмкіндік беріп отыр.
Цифрлық трансформация – көлік саласын дамытудағы басты құралдың бірі. Жүктердің қозғалысын бақылауға, логистиканы оңтайландыруға, кедендік рәсімдерді автоматтандыруға арналған цифрлық платформалар енгізілуде. Бұл, бір жағынан, бизнеске қолайлы жағдай туғызса, екінші жағынан, мемлекет үшін кірісті арттыруға септігін тигізеді.
Шымкент қаласы үшін Belt and Road бастамасы аясындағы халықаралық әріптестіктің орны ерекше. Гонконг секілді ірі әуежайлармен серіктестік орнату арқылы қала әлемдік сауда мен логистика картасында маңызды орын ала бастады. Мұндай келісімдер алдағы уақытта инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және аймақтық экономиканы нығайтуға ықпал етеді.
Президент Жолдауында атап өтілгендей, Қазақстанның көлік хабына айналуы – тек экономикалық емес, саяси және геостратегиялық маңызы бар бастама. Бұл жолда Шымкент сынды қалалардың белсенді қатысуы елдің жалпы дамуына үлкен серпін береді.
#Президентжолдауы2025
