Мемлекет басшысының қатысуымен білім және ғылым саласындағы стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы өтті. Іс-шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық және жаһандық білім беру экожүйесін терең түрлендіруге бағытталған нақты шаралар туралы баяндама жасады.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда шетелдік университеттердің 40 филиалынан тұратын желі құрылуда. Олардың 85 пайызы жоғары технологиялық бағыттарға – жасанды интеллект, компьютерлік инженерия, киберқауіпсіздік, жаратылыстану және техникалық ғылымдар, ядролық физика және басқа да сұранысқа ие салаларға бағытталған. Бұл бастама халықаралық деңгейдегі сапалы білімді ел ішінде алуға мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға және академиялық туризмді дамытуға жол ашады.
Бүгінгі таңда елімізде 31 500 шетелдік студент білім алуда. Бұл – тарихи рекорд. Алғаш рет Азия елдерінен келген студенттер саны ТМД елдерінен келген студенттерден асып түсті. 2029 жылға қарай шетелдік студенттер санын 100 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Форум барысында стратегиялық серіктестер кеңесінің құрылғаны атап өтілді. Кеңес институционалдық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге және негізгі міндеттерді бірлесіп шешуге бағытталған. Бүгінгі күнге дейін Кеңестің үш отырысы өткізілді.
