• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Қазақстандық волонтерлердің бүгіні мен ертеңі!

Автор:admin

Июн 10, 2022
Spread the love

Айта кетсек, Қазақстанда волонтерлік қызмет туралы заң 2016 жылы қабылданды. Бұл заңда отандық волонтерлердің құқықтары белгіленіп, көрсетілген. Волонтерлік ұйымдарға 18 жасқа толған әрбір Қазақстан азаматы мүше бола алады. Егер волонтер болам деген үміткердің жасы 18-ден кіші болса, онда ол ата-анасының рұқсатын алуы керек және де жазбаша түрде. Волонтерлер көшіне қосылам деген үміткер оған өз еркімен, өз таңдауымен, өз ниетімен келуі керек. Бұл арада күштеп жұмылдыру, шарт қойып, талап ету дегендей үстемдік жүрмейді. Волонтерлік ұйым өкілдері, Қазақстанда еріктілер қызметі үшін басымды бағыт деп әлеуметтік сала мен экология мәселелері, білім және денсаулық салалары, корпоративтік волонтерлік белгіленгенін айтады. Ал 2020 жылы елімізде волонтерлерді халықаралық қаржыландыру бағдарламасы іске қосылмақ. Бұл – қазақстандық волонтерлер өзге елдердегі еріктілер жобаларына ат салысып, алыс, жақын шет елдердегі әріптестеріне көмектесе алады деген сөз. Волонтерлік ұйым өкілдері, бұл Қазақстандағы ерікті жастарға волонтерлік тәжірибе жинақтаумен қатар, өзге тілдерді, мысалға, ағылшын тілін барынша меңгеруге, өз бойындағы мүмкіндік әлеуетін толық ашып, білімін жетілдіруге жол ашады деп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, еліміздегі волонтерлік жобаларды бірнеше бағытта біріктіріп, жүзеге асыруды ұсынды. «Жастарымыз мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын болуы керек. Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта Асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет», — деді мемлекет басшысы 10 желтоқсанда ел астанасында өткен Жастар жылының жабылу салтанатында. Мемлекет басшысының ұсынысын тарата айтар болсақ, «Сабақтастық» жобасы – балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық дегенді меңзейді, ал «Саулық» бағыты – науқас жандарға медициналық күтім көрсету тұрғысында. «Таза әлем» – қоршаған ортаны қорғау, «Асыл Мұра» – халқымыздың материалдық және рухани тарихи-мәдени мұрасын сақтау, «Қамқор» – қарттар үйіне қамқорлық көрсету аясындағы еріктілер жобаларын қамтиды. Сол сияқты, «Білім» жобасы ауыл-аймақтарда жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындыққа көмектесу, ағылшын тілі мен компьютерлік сауатты толықтыру мақсатындағы волонтерлік ұсыныстарға негізделеді. Ал «Үміт» бағыты Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жерлестеріміздің ерен ерлігі туралы құжаттарды іздеп, зерттеуге бағытталған. Айта кету керек, 2020 жылы Қазақстан волонтерлері ресейлік әріптестерімен бірлесіп Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне Мәскеуде өтетін іс-шараларға да ат салыспақ. «Волонтер болу кез келген адамның қолынан келеді, бірақ бұл арада ескеретін өзіндік ерекше міндеттер мен талаптар бар, — дейді волонтерлер қозғалысына біраз жылдан бері араласып, тәжірибе жинақтаған замандасымыз Эльмира ЖҰМАТАЙ. – Волонтер үшін адамгершілік, өнеге дегендей адами қасиеттер бос сөз емес. Ол гуманитарлық, әлеуметтік, экологиялық жобаларға көз бояушылық мақсатта емес, шынайы таңдауымен, жан қалауымен қатысып, бастаған жұмысын аяғына дейін жеткізуге дайын әрі мүдделі болуы тиіс». Бүгінде дүние жүзі бойынша, волонтерлік ұйымдар табиғи катаклизмдер аумағында зардап шеккендерге көмек көрсетіп, әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын тұрғызуға; әскери не табиғи қауіпті аймақтарда медициналық көмек көрсетіп, балаларға, қарттарға, жалпы, қарапайым тұрғындарға, босқындарға барынша қолдау көрсетуде. «Айталық, Австралиядағы қырғын өрт салдарында ну ормандарда қырылып жатқан, зардап шегіп, отқа күйген коала, кенгуру сынды жануарларға да көмек қолын созып жүрген волонтерлер», — дейді Эльмира Жұматай. Сол сияқты, ол волонтерлік қызмет аясында мұқтаж адамдарға біліми-ағартушылық тұрғыда көмек көрсету өте маңызды дегенді айтады. «Мүмкіндігі шектеулі адамдардың бойындағы шығармашылық әлеуетті, не спортқа деген бейімділікті арттыруға жол ашу, жалғызбасты қарттарға демеу болу; өзіңнен кейінгі буынға, мектеп оқушыларына, студенттерге өнеге болып, олармен өз білгеніңмен бөлісу; қоршаған ортаны, табиғатты қорғап, тазалау, сенбілік ұйымдастыру – бұл да волонтерлік жұмыстың өзіндік бір қыры», — дейді замандасымыз Эльмира. Еріктілер жұмысындағы басты ерекшелік – волонтер өз жұмысына ақы сұрамайды, оның жұмысы, оның қызметі риясыз. Волонтерлік қозғалыстың символы – адамдардың қолы: жоғарыға көтерілген және түрлі-түсті. Өйткені волонтер кімге болса да адал ниетімен көмек қолын созуға даяр тұрады әрі «бірлесе көтерген жүк жеңіл» деген ұстанымды дәріптейді. Эльмира Жұматайдың айтуынша, бүгінде көп адамдар балалар үйіне барып дастархан жайып, сыйлық таратуды волонтерліктің бір көрінісі деп түсінеді, шындап келгенде бұл дұрыс емес, «олар қателеседі». «Одан да сол балаларға дастархан жаю дәстүрін, тамақ пісіруді, ас мәзірін әзірлеуді үйретсе – сол ұтымды. Баланың бойында керенаулық әдет қалыптастырудың қажеті жоқ. Бәріміз де бала болдық және бүгін ата-анамыздан көргенімізді істейміз. Ал балалар үйінде ондай тәрбие жоқ. Жетімін жебеген халықпыз, балалар үйіне көмектесем десек, ондағы балаларға үй болуды, қоршаған ортамен араласып, оған бейімделуді, қоғам ішінде әлеуметтенуді үйрету керек», — дейді Эльмира Жұматай. Волонтерлер қозғалысы бүгінгі таңда дүние жүзі бойынша кең тарап, өріс алған қоғамдық пайдалы жұмыс. Еріктілер өз жұмысына ақша алмайды, олардың әрекеті тегін жүргізіледі. Әдетте олардың қызметі әлеуметтік көмек, қолдауды қажет ететін тұрғындарға, коммерциялық емес ұйымдарға, мемлекетке өтеусіз көмек көрсетуге негізделеді. Еріктілер көмегін, мысалға, ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар, жалғызбасты зейнеткер қарттар, мүгедек кісілер, ауыр халдегі науқастар, босқындар қажет етуі мүмкін. Сол сияқты, еріктілер коммерциялық емес ұйымдар мен мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын бірқатар шараларға қолдау көрсете алады. Айталық, кино- және музыкалық фестивальдар, спорт шаралары, туристік іс-шаралар, оқу-ағартушылық әрекеттер, т.т. Волонтердің жұмысын қызықты оқиға, ойын-сауық деп қабылдауға болмайды. Шындап келгенде, бұл ауыр жұмыс. Еріктілер ұйымдарының өкілдері, осынау қоғамдық пайдалы жұмыстың, қоғамдық әрекеттің әлемдік деңгейде кең тарауын адамзат тарихындағы өркендеу кезеңінің бір көрсеткіші деп есептейді. Өйткені волонтерлік жұмыс сана-сезімі, ой-өрісі пісіп-жетілген, жасампаз адамдарға тән қасиет. ҚР Президенті Қ. Тоқаев «волонтерлік қозғалыс біздің мемлекет үшін өте қажет» деп, елімізде «еріктілерді дайындайтын білім орталықтарын ашып, әлеуметтік желілерде волонтерлер инфрақұрылымын жасауды» және бұл тұрғыда «сауатты ақпараттық саясат әзірлеп, қолдануды» ескерткені есімізде. Бүгінде елімізде 200-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында 50 мыңнан астам ерікті белсенділер бар. Волонтерлік ұйымдардың өкілдері, жыл өткен сайын олардың қатары артып келе жатқанын айтады.

R-ақпарат

6000 символ

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика