Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы №384 бұйрығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді.
Тұжырымдамада мемлекеттік гендерлік саясаттың мақсаты – ерлер мен әйелдердің қоғамның барлық салаларында тепе-теңдік құқықтарға, жеңілдіктерге, міндеттер мен мүмкіндіктерге қолжеткізуі, гендерлік кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністерін еңсеру.
Мемлекеттің гендерлік саясаты бойынша алға қойылған мақсатқа қолжеткізу үшін нақты міндеттер мен мақсатты индикаторлар анықталуы қажет.
Тұжырымдаманы жүзеге асыруда Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатты жүргізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді.
Қазақстандық әйелдер кәсіптік одақтарға белсенді қатысады. Кәсіподақтардағы әйелдердің жалпы саны 54,9 %, оның 67% бастауыш кәсіподақ ұйымдарын (БКҰ) басқарады, 20 % – салалық кәсіподақтар, 12,5 % – АКБ, ҚРКФ алқалық органдарында әйелдер Бас кеңесте 15,2 % және Атқару комитетінде 8,3 % құрайды.
Кәсіподақтар өз қызметінде ұжымдық шарт, ұжымдық келісімдер мен келіссөздер арқылы әйелдер мен ерлердің тепе-теңдігіне қол жеткізуде.
Соңғы жылдары әйелдерге арналған кәсіподақ жарыстарын өткізу, практикалық семинарлар, кәсіби дағдылар сайысы және гендерлік саясат бойынша ғылыми-практикалық конференциялар өткізу тәжірибесі кеңінен таралған. Кәсіподақтың гендерлік саясатының негізгі мақсаты – мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың назарын жұмыс істейтін әйелдердің жағдайына аудару, әйелдердің еңбек әл-ауқатын одан әрі жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу, әйелдерді түрлі экономикалық және әлеуметтік салаларда, төлем, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі саласында кемсітулерді жою. Қазіргі таңда кәсіподақтар гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз ету, кәсіподақ мүшелері болып табылатын әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және олардың қоғамдық-саяси үрдістерге белсенді қатысуы үшін жетекші кәсіподақ органдарының шешімдерін жүзеге асыруға бағытталған нақты жұмыс жүргізеді. Үкімет, жұмысшылардың республикалық бірлестіктері және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімде ана мен баланы қорғауды қамтамасыз ету, әйелдерді әлеуметтік қолдау, әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы гендерлік мәселелерді шешу, балалар күтімі мен білім алуына қатысатын ерлер мен әйелдерді тең дәрежеде қолдау, шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің өкілеттілігін арттыру жөніндегі міндеттер қарастырылған.
Сондай-ақ, барлық салалық және аумақтық келісімдерге жұмыс істейтін әйелдердің құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету, әйелдер үшін қосымша жеңілдіктер мен өтемақыларды қамтамасыз ету нормалары келтірілген.
Заңнамалық қызметте Кәсіподақтар федерациясының Комиссия мүшелері ерлер мен әйелдердің құқықтары мен бостандықтары туралы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылауға белсене қатысады.
R-ақпарат