Адами капиталды әлеуметтік жаңғыртудың объективті аса маңызды жағдайларының қатарына жатқызу күн тәртібінде экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси институттарды қайта құру қажеттігін туғызды. Осы мақсатта 2014 жылы Үкімет адами капиталдың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасауға, сондай-ақ барлық қазақстандықтар үшін өмір сүру сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізуіне бағытталған Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті, онда ана мен баланы, отбасылардың осал топтарын әлеуметтік қолдауға жеке назар аудара отырып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйесін реформалау бойынша стратегиялық міндеттер айқындалған.
Қазақстанның демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы кезеңінде әйелдерге, ана мен балаға қатысты мәселелер бойынша алғашқы қоғамдық маңызды құрылымдар құрылды. Қазақстан БҰҰ-ның әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және қорғау саласындағы негіз қалаушы құжаттарына қосылды.
2006 – 2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын (бұдан әрі – Гендерлік стратегия) қабылдау және іске асыру тек әйелдердің ғана емес, сонымен қатар ерлердің де құқықтары мен мүмкіндіктеріне неғұрлым тең қарауға мүмкіндік берді.
Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның ережелерін орындау барысы туралы үшінші және төртінші мерзімді баяндамалардың қорытындылары бойынша БҰҰ Комитеті әйелдер мен ерлер үшін құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігі мәселелері бойынша заңнамалық базаның құрылуына оң баға берді.
Сонымен қатар, Қазақстан 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына (бұдан әрі – ТДМ) қосылды, ондағы 17 мақсаттың 12-сі гендерлік сезімтал болып табылады. Бұл мақсаттар мемлекеттің барлық стратегиялық бағыттары мен міндеттері аясында ұлттық бейімдеуді және есепке алуды талап етеді.
Гендерлік стратегияны іске асырудың аяқталуына байланысты мемлекеттік гендерлік саясаттың жаңа кезеңін орнықты дамудың халықаралық трендтерімен, ұлттық стратегиялық басымдықтармен және әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарымен байланыстырудың қолайлы мүмкіндіктері туып отыр.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарында отбасы институты әлеуметтік қорғаудың айрықша объектісі ретінде қаралады.
Дамудың жаңа кезеңінде адами капиталдың сапасына әсер ететін барлық әлеуметтік институттардың арасында отбасының рөлі маңызды болғандықтан, Қазақстанның отбасы саясатын қалыптастыруда өзінің тәсілдерін жасауы маңызды.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, отбасының функционалдық беріктігі деңгейіне гендерлік қатынастар моделі елеулі әсер етеді. Гендерлік теңдік деңгейі жоғары болған сайын, отбасы мүшелерінің өздерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе-теңдігі мен нәтижелігі жоғары болады.
Осылайша, заманауи берік отбасының қалыптасуына жағдай жасау және гендерлік теңдікке қол жеткізу қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың ажырамас процесі болып табылатыны айқын.
Бәсекеге қабілеттілік пен әлеуметтік даму саласының қолданыстағы тұжырымдамалары арасындағы байланыстырушы ретінде Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясаттың кешенді тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірлеу айқын және негізделген қажеттілік болып табылады және Қазақстан Республикасының әлемдік қоғамдастыққа табысты интеграциялануының қағидатты шарттарының бірі болып отыр.
Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Конституциясы, “Қазақстан 2050” Стратегиясы, “100 нақты қадам” Ұлт жоспары, Қазақстанның әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциясы, ТДМ және басқа да ратификацияланған халықаралық шарттар мен келісімдер негізінде әзірленді.