2025 жылы қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшыл, рухани ұстаз, кемеңгер тұлға — Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Ұлттың рухани жаңғыруында ерекше орны бар Абай мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында елімізде түрлі мәдени және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Осы орайда республика көлемінде бастау алған «Абайды оқы, Абайды таны» атты рухани челленджге Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де белсене қатысты. Бұл бастама ұлттық әдебиетті ұлықтап, Абай мұрасын кейінгі ұрпаққа кеңінен жеткізуге бағытталған.
Департамент ұжымы челлендж аясында Ұлы ақынның поэзиясынан үзінділерді нақышына келтіре оқып, оның терең мағыналы әндерін музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындап, көрерменге ерекше әсер қалдырды. Видеожазбалар әлеуметтік желіде жарияланып, көпшіліктің жылы лебізіне ие болды.
Іс-шара барысында қызметкерлер Абай шығармаларының терең философиялық мазмұнына тоқталып, ақынның адамгершілік, білім мен еңбек, адалдық пен ізгілік жөніндегі ойларының бүгінгі күнде де өзектілігін атап өтті. Бұл челлендж — Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінің рухани-мәдени құндылықтарға деген ықыласын және ұлттық мұраға деген құрметін білдіретін жарқын мысал болды.
Абай шығармашылығы – қазақ халқының рухани әлемінің алтын қазығы. Ұлы ақынның сөз өнеріндегі терең пайымы мен даналығы ұрпақ санасына ұлт болмысын сіңіріп, патриоттық рухты қалыптастырады. Сондықтан мұндай рухани-танымдық жобалар тек мәдени шара ретінде ғана емес, жастар тәрбиесінде, мемлекеттік қызметкерлер арасында ұлттық сананы нығайтуда да үлкен маңызға ие.
Шымкент қаласы ТЖ департаменті өз кезегінде эстафетаны Ұлытау облысындағы әріптестеріне жолдап, челлендждің жалғасын табуына үлес қосты. Бұл – мекемелер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, Абай шығармашылығын насихаттау жолындағы бірлескен қадамның белгісі.
Осылайша, азаматтық қорғау саласының өкілдері өздерінің қызметтік міндеттерінен бөлек, рухани-мәдени өмірге де белсене қатысып, жастар мен қоғамға өнеге боларлық үлгі көрсетті. Шымкент қаласы ТЖД алдағы уақытта да осындай елдік маңызы бар бастамаларға атсалысуды жалғастыра бермек.