• Пн. Сен 8th, 2025
Популярные метки

Шымкент қаласы ТЖД: Түркия тәжірибесі негізінде төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік мәдениетін арттыру жолдары қарастырылуда

Автор:admin

Авг 5, 2025

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы төтенше жағдайлар кезінде халықты оқыту және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша “Bertas KZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында Түркия Республикасындағы төтенше жағдайларды басқару тәжірибесіне негізделген заманауи шешімдер таныстырылып, олардың Қазақстан жағдайына бейімделу мүмкіндіктері талқыланды.
Атап айтқанда, тараптар оқу-симуляциялық орталықтар, мобильді модульдік кешендер (мобильді госпитальдар, далалық асханалар, жедел штабтар және т.б.) мен Түркияның Султанбейли қаласындағы төтенше жағдайларды үйлестіру орталығының жұмыс принциптерімен танысты. Бұл нысандар төтенше жағдайлар кезінде шұғыл әрекет етуге, халықты ұйымдасқан түрде эвакуациялауға, алғашқы медициналық көмек көрсетуге және құтқару қызметтерінің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге арналған.
Кездесу барысында талқыланған жобалар төтенше жағдайлар кезінде халықпен және құтқару бөлімшелерімен тиімді өзара іс-қимылды ұйымдастыруға бағытталған. Мысалы, оқу-симуляциялық орталықтарда түрлі сценарийлер бойынша практикалық оқу-жаттығулар өткізуге болады. Бұл халық арасында қауіпсіздік мәдениетін арттырып қана қоймай, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің де кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мобильді модульдік кешендер заманауи логистика мен технологияларды қолдану арқылы апат аймақтарында қысқа мерзім ішінде толыққанды құтқару базасын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Осындай жүйелер табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде уақытты үнемдеуге, адам өмірін сақтау және зардаптарды азайту ісінде үлкен рөл атқарады.
Кездесу барысында “Bertas KZ” ЖШС өкілдері өздерінің Түркиядағы әріптестерімен бірлесіп әзірлеген жобаларды егжей-тегжейлі таныстырып, олардың артықшылықтары мен қолдану тәжірибесін нақты мысалдармен көрсетті. Бұл шешімдер Түркияда апаттардың алдын алу және салдарын жою бойынша көп жылдық тәжірибеге негізделген.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті аталған инновациялық тәсілдер мен техникалық шешімдердің жергілікті жағдайларда қолданылу мүмкіндігін жан-жақты қарастырып жатыр. Алдағы уақытта бұл бастамалар арнайы оқу-жаттығу процесіне енгізіліп, халыққа арналған түсіндіру және оқыту жұмыстарында қолданылуы мүмкін.
Департамент басшылығы бұл бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамытып, қауіпсіздік мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыру мақсатында халықаралық тәжірибені қолданудың маңыздылығын атап өтті. Төтенше жағдайлардың алдын алу мен әрекет ету саласындағы шетелдік үздік тәжірибелерді зерделеу – заманауи әрі тиімді төтенше жағдайлар жүйесін құру жолындағы маңызды қадам.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *