Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында ерлер мен әйелдер арасында өрт-құтқару спорты бойынша VIII Қазақстан Кубогі өтті. Бұл жарыс – еліміздің төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерінің кәсіби дайындықтарын шыңдауға және спорттық шеберліктерін көрсетуге арналған маңызды дода. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген үздік құрама командалар бірнеше күн бойы өзара бақ сынасып, мықтылықтарын дәлелдеді.
Өрт-құтқару спорты – тек жарыс қана емес. Ол құтқарушылардың күнделікті қызметінде қолданатын нақты дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Жарыс барысында қатысушылар кедергілерден өту, биікке көтерілу, жауынгерлік қанат жаю, эстафеталық сайыс сияқты тармақтарда бақ сынады. Бұл сынақтар құтқарушыдан шапшаңдықты, төзімділікті, дәлдікті және жоғары кәсіби дайындықты талап етеді.
Жарыстың қорытындысы бойынша Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің әйелдер құрама командасы ерекше көзге түсіп, «Жауынгерлік қанат жаю» сайысында І орынды иеленді. Бұл жеңіс – шымкенттік құтқарушы қыздардың қайсарлығының, табандылығының және үздік дайындықтарының айқын дәлелі.
Осы орайда Шымкент қаласы ТЖД бастығы, генерал-майор Қуандық Базарбаев спортшылармен арнайы кездесіп, олардың жеңісін атап өтті. Ол құтқарушылардың бұл жетістігі тек спорттық деңгейдегі табыс емес, сонымен бірге кәсіби қызметке әрдайым дайын екендерінің айқын көрсеткіші екенін ерекше атап өтті:
«Бұл нәтижелер – біздің қызметкерлердің кәсіби шеберлігінің, табандылығы мен командалық рухының айқын көрінісі. Өрт-құтқару спорты тек спорттық жетістік емес, сонымен бірге қызметтік міндеттерге әрдайым дайын екенімізді көрсетеді. Мұндай жеңістер жас қызметкерлер үшін үлгі болып, оларды жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіреді», – деді департамент бастығы.
Кездесу барысында генерал-майор Қ.Базарбаев спортшыларға алғыс айтып, олардың еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Шымкент қаласы ТЖД құрамында спорт пен қызметті қатар алып жүрген кәсіби мамандардың бар екеніне тоқталып, мұндай жетістіктердің бүкіл ұжымға үлгі болатынын жеткізді. Құтқарушылардың табысы қала тұрғындарына сенім сыйлап, жас буынға мотивация беретіні сөзсіз.
Кездесу соңында департамент басшысы спортшыларға мықты денсаулық, жаңа жеңістер және халықаралық деңгейдегі табыстар тіледі. Ол құтқарушылардың спорттағы жетістіктері олардың кәсіби шыңдалуына ғана емес, сонымен бірге халыққа қызмет ету сапасын арттыруға да ықпал ететінін атап өтті.
Шымкенттік чемпиондарымызды шын жүректен құттықтай отырып, олардың табыстары алдағы уақытта да биік шыңдарды бағындыруға жол ашсын деп сенеміз!