Биыл Шымкент қаласынан «Парыз» сыйлығын ал үшін 23 мекеме өтінім білдірген болатын. Еңбек нарығындағы үздік ұжымдарды анықтау және ынтталандыруды көздейтін байқау — «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін», «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» сынды 5 номинациясы бойынша ұйымдастырылған.
Шымкент қаласының қос бірдей кәсіпорыны, яғни «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і — «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша, алтын «Парыз» сыйлығын иеленсе, «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС-і – «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша, күміс «Парыз» сыйлығына ие болды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» сыйлығына екі бірдей Шымкенттік мекеменің ие болуы үшінші мегаполистің өндірістік әлеуметінің жоғары екендігін айғақтайды.
Сондай-ақ, бүгінде қалада Қазақстан Республикасының Үкіметі әлеуметтік маңызы бар өнімдерге жатқызған азық-түлік тауарларының барлық түрлері өндіріледі. Ендігі міндет — азық-түлік тауарларын өндіру мен экспорт көлемін ұлғайту. Осыған байланысты, «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағының инженерлік желілерін жүргізу бойынша 132 гектар аумақта ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуге арналған құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар қолданыстағы сауда-логистикалық орталығы кеңеюде. Барлық тауарларды қабылдау-жөнелтудің, жеткізудің арқасында логистикалық орталық еліміздің оңтүстік өңірі бойынша ірі хаб болуға мүмкіндігі зор. Орталықтың Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік магистралінің бойында, кешенді жүк қабылдайтын әуежай мен теміржолдың жанында орналасуы — логистика бойынша Шымкент қаласын ең қолайлы өңірге айналдырып отыр.
Одан бөлек, кәсіпкерлер мен инвесторларға консультациялар, сүйемелдеу, мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-офисі жұмыс істейді.
Қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық жобалар мен проблемалық мәселелерді қарайтын, сондай-ақ инвесторларға жан-жақты қолдау көрсететін қалалық инвестициялық штаб құрылып, бүгінге дейін 30 инвестициялық штаб отырысы өтті. Онда 300-ден астам инвестициялық жобалар қаралып, тиісті шешімдерін тапты. Жалпы Шымкентте 104 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеуде. Кәсіпкерлік саласында 189,4 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға өскен.
Өндірілген өнім көлемі бойынша 737,9 млрд. теңгені құрап, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,5% құрады.
Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 38,9% -ды құрады. Мұның барлығы кәсіпкерлік саласын қолдаудың арқасында жүзеге асуда.
«Іскер қала» іс-шара жоспары аясында биыл «Даму» қоры арқылы 94 жобаға қолдау көрсетілді. Аталған жоба аясында тоқтап тұрған кәсіпорындар жанданды. Мысалы, «Трубмашхолдинг» ЖШС-нің базасында 2022 жылы алғашқы өндірістік парк ретінде «Silkway Alliance» алаңы пилоттық жоба ретінде іске қосылса, «Асыл Арман Казақстан» ЖШС аумағында жаңа өндірістік алаң қайта жаңғырды. Осының негізінде 15 шағын кәсіпкерлікке өндірістік алаң қарастырылатын болады.