Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және жеке құрам арасында құқықтық, рухани-адамгершілік, психологиялық тұрақтылықты арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта жақында Абай және Тұран аудандарының Төтенше жағдайлар басқармалары мен оларға қарасты өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері үшін арнайы профилактикалық бағыттағы дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара мемлекеттік қызметшілер мен арнайы мамандандырылған бөлімшелер арасында кәсіби этика, құқықтық тәртіп, діни сауаттылық және моральдық жауапкершілік мәселелерін көтеруге арналды. Жиынға Тұран аудандық полиция басқармасының өкілі, Шымкент қаласы әкімдігінің «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы, сондай-ақ «Әл-Муслим» мешітінің наиб имамы мен азаншысы арнайы шақырылып, өз салалары бойынша мазмұнды ақпараттар мен кеңестер ұсынды.
Кездесу барысында қатысушылар бірнеше өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасып, нақты ұсыныстарды ортаға салды. Атап айтқанда, «Тұрмыстық жанжалдардың алдын алу», «Қызметтік әдеп пен тәртіпті сақтау», «Жат діни ағымдардың ықпалынан сақтану», «Алкогольдік масаң күйде көлік басқарудың құқықтық салдары», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» тақырыптары аясында кешенді талқылаулар өтті.
Тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мәселесі бойынша сөз алған психолог мамандар мен полиция өкілі қызметкерлерге отбасылық және қызметтік ортада туындауы мүмкін шиеленісті жағдайларды басқару, дұрыс қарым-қатынас орнату және дау-дамайға жол бермеу жолдарын түсіндірді. Әсіресе, күйзеліске қарсы ішкі тұрақтылық пен сабырлылықтың маңыздылығы атап өтілді.
Қызметтік әдеп пен тәртіпті сақтау мәселесінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жоғары моральдық және этикалық талаптар, қызметтен тыс уақытта да тәртіптілік пен жауапкершілік таныту қажеттігі сөз болды. Қызметкердің жүріс-тұрысы жалпы мекеменің беделіне тікелей әсер ететіні айтылды.
Жат ағымдардың ықпалынан сақтану мәселесі аясында «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы мен мешіт өкілдері діни экстремизм мен радикалды идеологияның қоғамға келтірер зияны, оның таралу жолдары және одан қорғану тетіктері жайлы кеңінен тоқталды. Ресми діни көзқарастар мен сенімді ақпарат көздерін пайдалану қажеттілігі баса айтылды.
Алкогольдік ішімдік ішіп, көлік басқарудың алдын алу тақырыбында жол қауіпсіздігіне қатысты нақты деректер келтіріліп, мұндай әрекеттердің тек қызметтік тәртіпке ғана емес, азаматтардың өміріне тікелей қауіп төндіретіні айтылды. Полиция қызметкері жол-көлік оқиғаларының басты себептерін атаумен қатар, мұндай құқық бұзушылықтардың заңдық салдарына тоқталды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі бойынша баяндамашылар бұл әрекеттің мемлекеттік қызметке, қоғамның дамуына және азаматтардың сеніміне келтірер зияны жайында ашық айтты. Қызмет бабында адалдық пен ашықтықты ұстанудың маңыздылығы, жемқорлықтың кез келген түріне мүлде төзбеушілік қағидасы насихатталды.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Сонымен қатар, тақырыптарға сай ақпараттық жадынамалар мен танымдық материалдар таратылып, қатысушылар арасында сауалнама жүргізілді.
Мұндай профилактикалық шаралар Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың кәсіби және жеке өмірде қауіпсіздік мәдениетін сақтауға, сондай-ақ жалпы қоғам алдындағы жауапкершілік деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бағыттағы кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізіліп отырады.
