Халық саны қарқынды өсіп, жаңа шағынаудандар мен өндірістік аймақтар ашылып жатқан Шымкент қаласында қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту мен жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Қала билігі тұрғындарға ыңғайлы, қауіпсіз әрі экологиялық таза көлік инфрақұрылымын қалыптастыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
2025 жылдың өзінде қалаға 58 жаңа автобус жеткізіліп, пайдалануға берілді. Оның ішінде 28-і – шағын аудандар мен шеткі аймақтарға арналған шағын автобустар, ал қалған 30-ы – сыйымдылығы жоғары, заманауи үлгідегі көлік құралдары. Сонымен қатар, экологиялық тұрғыдан тиімді газ-метанмен жүретін 179 автобус сатып алу жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, көлік қызметінің сапасын арттырмақ.
Бүгінгі күні Шымкентте 82 тұрақты бағыт бойынша 984 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның 79 бағыты әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде бекітілген. Жалпы қалада 1 173 автобус бар:
• 118-і – 3 жылға дейінгі жаңа көлік,
• 1 039-ы – 7 жылға дейінгі,
• 16-сы – 7 жылдан асқан ескі үлгідегі автобустар.
Автопарктің 615 бірлігі экологиялық таза метан газымен, ал 558-і дизель отынымен жұмыс істейді. Тек 2025 жылдың алғашқы 7 айының өзінде қала ішінде 49,8 миллионнан астам жолаушы тасымалданған.
Шымкент қаласының кеңеюіне байланысты маршруттық желілерді қайта қарап, жолаушылар тасымалын оңтайландыру қажеттілігі туындады. Осыған орай 2025 жылы қоғамдық көлік дамытудың кешенді схемасы әзірленбек. Бұл жұмысты «Innoforce solutions» ЖШС мердігер ретінде жүзеге асырады. 27 наурызда келісімшартқа қол қойылып, төрт кезеңнен тұратын жұмыс 9 ай ішінде толық аяқталмақ.
Жаңа сызба көлік бағыттарының тиімділігін арттырып қана қоймай, қала тұрғындарының жүріп-тұруын жеңілдетуге сеп болады.Қаладағы көлік қозғалысын үйлестірудің тағы бір маңызды бөлігі – бағдаршамдардың үздіксіз жұмыс істеуі. Электр желісіндегі ақаулар салдарынан кей бағдаршамдардың істен шығу жағдайлары байқалған. Осы мәселені шешу үшін жыл басында 24 бағдаршам нысанына аккумулятормен қоректенетін үздіксіз қуат көздері орнатылды.
Қазіргі таңда қаланың негізгі көшелеріндегі тағы 20 бағдаршам арнайы құрылғылармен жабдықталып жатыр. Жыл соңына дейін қосымша 20 бағдаршам нысанын қамту жоспарланған. Бұл жүйе кез келген электр үзілісінде бағдаршамдардың 20 сағатқа дейін тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге бағдаршамдар қаланың интеллектуалды көлік жүйесіне қосылып, «Диспетчерлік қызмет орталығы» арқылы онлайн бақыланады.
Шымкент қаласында қолға алынған кешенді шаралар – қоғамдық көлікті жаңарту, маршруттар жүйесін жаңғырту, бағдаршамдарды тұрақты қуатпен қамтамасыз ету – барлығы тұрғындар үшін ыңғайлы, қауіпсіз әрі экологиялық таза көлік ортасын қалыптастыруға бағытталған. Бұл тек бүгіннің емес, болашақтың да маңызды инвестициясы.