Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде Республика күні мен Егемендік декларациясының 35 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Бұл мереке ел тәуелсіздігін қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдарды еске салып қана қоймай, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетудің мәнін айқындайды. Шараға министрлік басшылығы, өңірлерден келген делегациялар, қызметкерлер мен ардагерлер қатысты.
Іс-шара барысында ерлігімен, кәсіби шеберлігімен және қызметтік борышына деген адалдығымен ерекшеленген қызметкерлерге мемлекеттік наградалар табысталды. Осындай құрметке ие болған азаматтардың қатарында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Қаратау ауданы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Уркинбаев Бекжан Тиллабекович бар.
Бекжан Уркинбаевтың марапатталуына себеп болған оқиға 2024 жылдың 2 қазанында орын алған еді. Сол күні Шымкент қаласының «Нұрсат-2» шағын ауданындағы 9 қабатты тұрғын үйдің 6-қабатындағы пәтерден өрт шығып, жақын тұратын тұрғындар арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Жедел шақырту бойынша оқиға орнына бірінші болып жеткен өрт сөндірушілердің қатарында Бекжан да болды. Ол әріптестерімен бірге жалынды аз уақыт ішінде оқшаулап, оның жоғары және төменгі қабаттарға таралуына жол бермеді.
Өрт сөндіру барысында ең басты назар – тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару болды. Қауіпті жағдайда қалған тұрғындарды эвакуациялау аса үйлесімді және жоғары кәсіби деңгейде жүргізілді: барлығы 31 адам, оның ішінде 7 бала қауіпсіз жерге шығарылды. Сонымен бірге, түтін басқан пәтерлерден 6 бала құтқарылды. Дәл осы сәтте Бекжанның жеке батылдығы ерекше көрінді — ол қорғаныс құралдарын пайдаланып, түтінге толған бөлмеге кіріп, балаға дер кезінде көмек көрсетіп, оны аман алып шықты. Бұл әрекет оның кәсіби дайындық деңгейін ғана емес, нағыз құтқарушының жүрегіндегі ерлік пен жауапкершілікті айқын көрсетті.
Көрсеткен жанқиярлығы мен ерлігі үшін азаматтық қорғау старшинасы Б.Т. Уркинбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат – төтенше жағдайлар саласындағы ең жоғары құрметтердің бірі, ол адам өмірін қорғау жолында тәуекелге барып, ерекше ерлік көрсеткен қызметкерлерге беріледі.
Марапаттау рәсімінде Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов құтқарушылардың еңбегін жоғары бағалап, олардың өз қызметіне адалдығын, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғаудағы жанқиярлығын ерекше атап өтті. Министр өз сөзінде мұндай ерліктер жас ұрпаққа үлгі болып, азаматтық қорғау саласының беделін арттыра түсетінін жеткізді.
Шымкенттік құтқарушының бұл марапаты – тек жеке еңбек жетістігі ғана емес, бүкіл өңірдегі төтенше жағдайлар қызметінің жоғары кәсіби даярлығы мен бірлігінің көрсеткіші. Ерлік пен жауапкершілік әр салада маңызды болса, адам өмірін құтқару жолында ол тіпті бұдан да жоғары бағаланады.
