2025 жылғы 16-19 шілде аралығында Қостанай облысы, Тобыл қаласында өрт сөндіру-құтқару спортынан Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаттары өткізілуде. Ауқымды республикалық жарыстарға еліміздің барлық өңірлерінен өрт сөндіру және құтқару саласының ең үздік спортшылары жиналып, кәсіби біліктіліктерін, жылдамдық пен шеберліктерін сынға салуда.
Аталған сайыстарда Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің спортшылары да жоғары нәтиже көрсетіп, бірқатар жүлделі орындарды иеленді. Олар өздерінің дайындық деңгейін, техникалық шеберлігін және төтенше жағдайларда әрекет етуге деген дайын екендігін дәлелдеді.
XIV жазғы чемпионат – жасөспірімдер арасындағы жарыс:
Жасөспірім ұлдар арасында өткен 100 метрлік кедергілер жолағынан жүгіру сайысында Шевцов Кирилл орта топтан аса жоғары нәтиже көрсетіп, І орынды жеңіп алды. Бұл – жас спортшының төзімділігі мен жаттығуға деген жауапкершілігінің нәтижесі.
XXXI жазғы чемпионат – ерлер арасындағы бәсеке:
Ерлер арасында өткен 100 метрлік кедергілермен жүгіру кезеңінде Мауланов Сарвар өзінің шапшаңдығы мен кәсіби шеберлігін паш етіп, барлық қарсыластарынан озып, алтын медальді жеңіп алды. Бұл жеңіс – ұзақ жылдық еңбектің, табанды жаттығудың жемісі.
XI жазғы чемпионат – әйелдер арасындағы жарыс:
Әйелдер арасында шабуыл сатысымен оқу мұнарасының екінші қабатына көтерілу сайысында Салмина Валентина жоғары нәтиже көрсетіп, ІІ орынға ие болды. Бұл көрсеткіш әйелдер арасындағы бәсекенің де жоғары деңгейде өткенін көрсетеді.
Чемпионат барысында қатысушылар өрт-құтқару спортындағы негізгі жаттығуларды: кедергілерден өту, биік нысандарға көтерілу, нысанға шлангпен су беру, командалық эстафеталар сынды күрделі сайыстарды орындап шықты. Бұл жаттығулар – кәсіби мамандардың күнделікті қызметіндегі нақты міндеттермен үндесіп, олардың төтенше жағдайларға дайындық деңгейін көрсетеді.
Шымкент қаласы ТЖ департаментінің басшылығы мен ұжымы жеңімпаз спортшыларды лайықты жетістіктерімен шын жүректен құттықтайды. Бұл жеңістер – жеке спортшылардың ғана емес, бүкіл өңірдің намысын қорғаған ортақ мақтаныш. Сондай-ақ бұл жетістіктер жас өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға үлгі бола отырып, кәсіби спорт пен қызметтік дайындықты қатар дамытуға жол ашады.
Біз шымкенттік спортшылардың биік белестерді бағындыруда тоқтап қалмай, алдағы уақытта да республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғай беретініне сенімдіміз. Жеңістеріңіз еселене берсін!
