2025 жылы Шымкент қаласында жергілікті бюджет есебінен шілде-тамыз айларында жалпы 9 693 баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл бастама ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес жүзеге асырылып, әлеуметтік осал топтарға жататын балаларды сауықтыру, бос уақытын тиімді пайдалану және көңілді демалыспен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шара болып табылады.
Жазғы демалыс орындары ретінде қала маңындағы ең танымал және сенімді лагерьлер таңдалған. Олардың қатарында – Машат-Арасан, Бекзат Саттарханов атындағы лагерь, Қарлығаш, Үш бұлақ, Таң-Шолпан, Көктөбе, Айсанар сияқты сауықтыру базалары бар. Бұл лагерьлер заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған және балалардың барлық қажеттіліктерін ескере отырып қызмет көрсетеді.
2025 жылғы 16 шілдедегі жағдай бойынша, жазғы демалыспен 3 131 бала қамтылған. Қалған балаларды кезең-кезеңімен лагерьлерге жолдау жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Әрбір баланың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарда ұсталады.
Лагерьлерде балалар тек сергіп, тынығумен ғана шектелмейді. Оларға арналған арнайы ұйымдастырылған тренингтер, шығармашылық және спорттық ойындар, командалық жаттығулар арқылы жаңа дағдылар қалыптастыруға үлкен мән беріледі. Бұл шаралар балалардың коммуникативтік қабілеттерін, жауапкершілігін арттыруға, топпен жұмыс істеу шеберлігін дамытуға септігін тигізеді.
Сонымен қатар, жазғы демалысты ұйымдастыру кезінде балалардың қауіпсіздігі, сапалы және теңдестірілген тамақтануы, медициналық қызметпен толық қамтылуы, таза ауада бос уақытын тиімді өткізуі сияқты маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөлінеді.
Бұл шаралардың барлығы — балалардың денсаулығын нығайтып, жаңа оқу жылына сергек әрі дайын оралуына жағдай жасауға бағытталған. Жазғы лагерьлер — тек демалыс емес, сонымен бірге баланың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін орын.