Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай еліміздің барлық өңірлерінде «30 жыл – 30 игі іс» қайырымдылық акциясы жүзеге асырылуда. Бұл бастама тек мерейтойлық шара ғана емес, сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағдайына қолдау көрсетіп, қоғамға пайда әкелуді мақсат тұтады. Осы игі дәстүрді жалғастыра отырып, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті де акция аясында бірқатар әлеуметтік маңызы бар жұмыстарды атқарды.
Атап айтқанда, әлеуметтік осал санаттағы және көпбалалы отбасылардың тұрмыстық қауіпсіздігін арттыру үшін 30-дан астам үйге заманауи газды анықтағыш құрылғылар орнатылды. Мұндай құрылғылар тұрғындарға дер кезінде дабыл қағып, уланудың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл – төтенше жағдайлардың алдын алудағы ең тиімді тәсілдердің бірі. Сонымен қатар, құтқарушылар 20-дан астам үйдің мұржаларын арнайы техникалық құралдармен тазалап, 10 үйдің терезесіне балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы бекітпелер орнатты. Бұл шаралар өрт пен тұрмыстық жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталып отыр.
Экологиялық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қаланың маңызды су көздерінің бірі – Қошқарата өзенінің жағалауында тазалық жұмыстары жүргізіліп, онда жиналып қалған тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, демалушылар мен қала тұрғындары арасында су айдындарында қауіпсіздікті сақтау ережелері түсіндіріліп, арнайы жадынамалар таратылды. Барлығы 200-ден астам ақпараттық парақша тұрғындарға үлестірілді. Бұл түсіндіру жұмыстары азаматтардың жауапкершілігін арттырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Аталған шараларға Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен қатар, газ инспекциясының мамандары, «Asaa» волонтерлік ұйымының белсенді жастары және аудандық әкімдіктердің өкілдері белсене атсалысты. Қоғамдық ұйымдар мен еріктілердің қолдауы осындай шаралардың тиімділігін арттырып, қала тұрғындарына үлгі болуда.
Шымкент қаласы ТЖ департаментінің бұл бастамалары – тек төтенше жағдай туындағанда жедел көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар алдын алу мен ағартуға негізделген жүйелі жұмыстың айғағы. Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру арқылы болашақта орын алуы мүмкін қатерлердің алдын алып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.
Мерейтойлық «30 жыл – 30 игі іс» акциясы – қоғамдағы әрбір азаматқа қамқорлық танытып, еліміздің қауіпсіздігі үшін қызмет етудің жарқын көрінісі. Шымкент құтқарушыларының қолға алған игі бастамалары осының айқын дәлелі болып отыр.