Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шымкент қаласында шомылу маусымының қорытындысы мен алдағы жылыту маусымына дайындық барысы бойынша брифинг өтті. Іс-шараға қатысқан спикерлер — Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Рауан Ордабек және төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері, азаматтық қорғау капитаны Асқар Шәріп.
Асқар Рысбекұлының айтуынша, қала әкімінің қаулысымен 3 рұқсат етілген және 13 тыйым салынған шомылу орны белгіленген. Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында 200 ескерту тақтайшасы орнатылып, ТЖД, жергілікті әкімдік органдары және полиция қызметі судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізді. Мамыр айынан бастап 52 мыңнан астам оқушыны қамтыған 225 интерактивті сабақ өткізілген. Бұл сабақтар балалар мен жастарға суда қауіпсіздік ережелерін үйретіп, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Брифинг барысында Рауан Ордабек жылыту маусымына дайындық жұмыстарын баяндады. 2025 жылғы 28 тамызда қала әкімінің бірінші орынбасары бекіткен жоспарға сәйкес «Өрт қауіпсіздігі айлығы», «Қауіпсіз мұржа», «Оттан сақ бол», «Сіріңке – бір өмірдің бағасы» атты акциялар ұйымдастырылды. Осы іс-шаралар барысында 10 мыңнан астам жеке үй тексеріліп, әлеуметтік осал 1 073 отбасыға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 88 үйге газанықтағыш орнатылып, 40-тан астам үйдің мұржасы тазартылды.
Сонымен қатар, спикер жылыту маусымында улы газдан уланудың алдын алу шараларын және алғашқы көмек көрсету тәсілдерін еске салды. Қауіпсіздік ережелерін сақтау тек жеке тұрғындар үшін емес, қаланың тұрғындарының жалпы қауіпсіздігі үшін де маңызды екенін атап өтті.
Брифинг соңында ТЖД өкілдері тұрғындарды құрылыс және электр жабдықтарын дұрыс пайдалану, жылыту құрылғыларына назар аудару және кез келген төтенше жағдайда 101 және 112 нөмірлеріне хабарласу қажеттігін еске салды. Өрттің, газбен уланудың немесе басқа төтенше жағдайлардың алдын алу — қайғылы оқиғалардың алдын алудың басты жолы екенін атап өтті.
Шымкент қаласы ТЖД тұрғындарға қауіпсіздікті сақтау, алдын алу шараларын жүйелі түрде орындау және отбасының амандығын бірінші орынға қоюдың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.
