2025 жылдың тамыз айында Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оқу-жаттығуларды тиімді ұйымдастыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел форматында маңызды іс-шара өткізілді. Бұл жиынның басты мақсаты — төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылау, сондай-ақ, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда іс-қимыл жасау дайындығын арттыру болды.
Аталған отырысқа Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Н. Педен және Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі А. Байташев төрағалық етті. Олар жиынды ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне тоқталды.
Жиынға қаладағы ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, білім беру ұйымдарының, медициналық мекемелердің, сондай-ақ халық көп шоғырланатын өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандардың басшылары мен өрт қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлері қатысты. Бұл мекемелер – тұрғындардың күнделікті өмірінде маңызды рөл атқаратын нысандар болғандықтан, олардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі ерекше назар аударуды қажет етеді.
Кездесу барысында қатысушылар төтенше жағдайлардың, әсіресе өрт оқиғаларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Талқылау аясында оқу-жаттығуларды ұйымдастырудың қазіргі жүйесі мен оны жетілдіру жолдары туралы нақты ұсыныстар берілді. Сарапшылар нысандарда өрт қауіпсіздігі ережелерінің қатаң сақталуы қажеттігін, апаттық жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін тұрақты түрде пысықтау керектігін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, азаматтық қорғау талаптарын сақтау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мекеме басшылары мен қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру мәселелері де қаралды. Қатысушылар арасында пікір алмасу өтіп, нақты жағдайлар негізінде туындайтын қиындықтар мен оларды шешу жолдары талқыланды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдар мен жеке сектор өкілдерінің тығыз ынтымақтастығы қажет екендігін жеткізді. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар қабылданып, олар алдағы уақытта практикалық жұмыстарда ескерілетін болды.
