• Вс. Ноя 16th, 2025
Популярные метки

ШЫМКЕНТТЕ КӨРНЕКІ АҚПАРАТТЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ РЕСІМДЕЛУІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Автор:admin

Окт 1, 2025
Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірде кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету – еліміздің тіл саясатының басты мақсатының бірі. Осы бағытта 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында кәсіпкерлік нысандардағы маңдайша, жарнама, мәзір және бағалар мәтіндерінің мемлекеттік тілде дұрыс және талапқа сай ресімделуі міндеттелген.
Шымкент қаласында бұл жұмыс қарқынды жүргізілуде. Бүгінге дейін 16 мыңнан астам нысан зерделеніп, олардың ішінде 2380 кәсіпкерге мемлекеттік тіл талаптарын орындау бойынша кемшіліктерді түзету жөнінде ұсынымдар берілді. Солардың негізінде 120 нысан заң талаптарына толық сәйкес реттелді, ал қалғаны әзірге түзету үстінде.
Мысал ретінде, қаладағы кеңінен танымал дәмханалар – «Мадлен», «Мизам», «Nanduk», «Ankara» сияқты орындардың мәзірлері мен көрнекі ақпараттары мемлекеттік тілде қайта рәсімделіп, тұтынушыларға ыңғайлы әрі түсінікті болу үшін талапқа сай жаңартылды.
Заң бойынша, жарнама мен көрнекі ақпарат алдымен қазақ тілінде берілуі тиіс, ал одан кейін қажет болған жағдайда басқа тілдерде ұсынылуы заңмен белгіленген. Бұл талап орындалмаса, кәсіпкерлерге айыппұл салынады: шағын бизнес үшін – 5 АЕК, орта бизнеске – 10 АЕК, ал ірі кәсіпорындарға – 25 АЕК көлемінде.
Тек соңғы айда «Е-Өтініш» порталы арқылы 112 жарнама жобасы мемлекеттік тіл талаптарына сәйкес келуі үшін келісімге ұсынылып, оның 97-сіне түзетулер енгізілді. Бұл көрсеткіштің өзі мемлекеттік тілдің қолданылуын бақылау жұмыстарының қаншалықты жүйелі және нәтижелі жүргізіліп жатқанын айқын көрсетеді.
Сонымен қатар, қаладағы мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Арнайы әдістемелік құралдар дайындалып, олар дәмханалар мен мейрамханаларға таратылды. Бұдан бөлек, ақпараттық насихат WhatsApp, «2ГИС» қосымшасы және әлеуметтік желілер арқылы да кеңінен жеткізілуде. Бұл кәсіпкерлер мен қызмет көрсетушілердің мемлекеттік тіл талаптарын дұрыс түсінуіне және қолдануына ықпал етеді.
Дегенмен, қала көшелерінде әлі де заңға сай келмейтін жаңа жарнамалар кездеседі. Осыған байланысты басқарма тарапынан жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлерге мемлекеттік тіл талаптарын қатаң сақтау қажеттігі бірнеше рет ескертілуде. Бұл бағыттағы бақылау әрі қарай да күшейтілетін болады.
Бұл шаралар тек қана мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып қоймай, сонымен қатар Шымкент қаласының мәдениетін, қоғамдық мәдени ортасын әрі көрікті келбетін де айшықтап, тұрғындардың және қала қонақтарының тілдік ортаға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі орны нығайып, ол мәдениет пен бизнес салаларында кеңінен қолданылуы арқылы Шымкент бірегей мәдени және тілдік орталыққа айналмақ. Сонымен қатар, бұл жұмыс елдің біртұтас ұлттық сәйкестігін нығайтуға, тілдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және мемлекеттік тілді меңгеруді арттыруға бағытталған.
Қала әкімдігі мемлекеттік тілдің дамуы үшін алдағы уақытта да жүйелі іс-шараларды жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде Шымкенттің әлеуметтік-мәдени өміріндегі тілдік ахуалды жақсартуға және тұрғындардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыруға септігін тигізеді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *