Шымкент қаласында жыл басынан 834 отбасы, 1182 адам «қандас» мәртебесін алды. Шетелден көшіп келген этникалық қазақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Ауғанстан, Түркия және Ресей елінен келгендер.
Алыс-жақын шетелден көшіп келген қандастарды қолдау мақсатында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығы жұмыс істейді. Мұнда атамекенге оралғандар 6 ай мерзімінде мемлекеттік тілді үйренуі, ортаға бейімделуі, жұмыспен қамтылуы, баспана мәселесі бойынша, әлеуметтік жағынан қолдау негізінде қызмет түрлерін тегін алады.
Бүгінгі таңда бейімдеу қызметін 15 отбасынан 49 адам алуда. Ал, қандас мәртебесін алған 1182 адамның ішінде — 574 ер адам және 608 әйел адам, 18 жасқа дейінгі тұлғалар — 323 адам, еңбекке қабілетті жастағы адамдар — 565 адам, зейнеткерлік жастағы адамдар – 294.
Қазіргі таңда қандастар үшін Қазақстан азаматтығын рәсімдеу бойынша мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі «Бір өтініш» қағидаты бойынша жүргізеледі. Яғни қандас мәртебесін беру немесе ұзарту – 4 жұмыс күні ішінде атқарылуда.
Айта кетейік, қоныс аударған қандастардың басым бөлігі құрылыс, сауда –және жалдамалы жұмыстармен айналысады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 329-ө-м бұйрығында қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қағидалары мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі — Мемлекеттік корпорация) — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) қандас — бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері;
3) этникалық қазақ — ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
4) «бір өтініш» қағидаты – бір өтініш негізінде көрсетілетін бірнеше мемлекеттік қызметтер жиынтығын көздейтін мемлекеттік қызметті көрсетудің нысаны.