Мемлекет Басшысының өңірлердің өз кірісін ұлғайту жөніндегі нақты тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында қаржылық дербестікті арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде қолға алынуда. Осы мақсатта бүгін Шымкент қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен тиісті құрылымдық бөлімшелердің қатысуымен арнайы кеңес өтті.
Кеңесте жергілікті бюджеттің табыс базасын кеңейту, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және қосымша кіріс көздерін анықтау мәселелері жан-жақты қарастырылды. Бұл – қала экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етудің және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырудың маңызды алғышарты.
Қала әкімі өз сөзінде тұрақты әрі теңгерімді кіріс базасын қалыптастырудың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Себебі, жергілікті бюджет есебінен қаладағы инфрақұрылымдық, әлеуметтік және қоғамдық маңызды жобалар жүзеге асырылады. Бұл мектептер мен балабақшалар құрылысы, жол жөндеу, қоғамдық көлік паркін жаңарту, ауыз су және кәріз жүйелерін жетілдіру сияқты тұрғындар өміріне тікелей әсер ететін салаларды қамтиды.
Соңғы екі жылда бұл бағытта елеулі нәтижелерге қол жеткізілгені байқалады. Атап айтқанда, қалалық бюджеттің жалпы көлемі 239 млрд теңгеге өсіп, 895 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 496 млрд теңге — өз кірістері. Бұл – қала бюджетінің дербестік деңгейін 46%-дан 56%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Мұндай көрсеткіштер республикалық бюджетке тәуелділіктің азайып, жергілікті басқарудың қаржылық тетіктерінің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Кеңесте 2026–2027 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары талқыланды. Бұл құжатта:
— жоспарланған түсімдерді толық әрі уақытылы қамтамасыз ету;
— салықтық әкімшілендіру механизмдерін жетілдіру;
— кіріс түсімдерін болжау мен талдауды күшейту;
— көлеңкелі экономиканың үлесін азайту;
— қосымша кіріс көздерін айқындау;
— бюджет процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мәселелері қамтылған.
Сонымен қатар, цифрлық технологияларды пайдалану арқылы салық төлеушілермен кері байланыс орнату, олардың міндеттемелерін орындауын жеңілдету және салық мәдениетін көтеру бойынша да ұсыныстар айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, кірістердің толық және уақытылы түсуін қамтамасыз ету, есепке алынбаған салық базаларын анықтау, салықтан жалтару фактілерінің алдын алу және шағын және орта бизнес субъектілеріне түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттілігі атап өтілді.
Әсіресе, бизнесті нақты қызмет жүргізу орны бойынша тіркеудің маңыздылығы көтерілді. Себебі көптеген кәсіпкерлік субъектілері Шымкент қаласында нақты жұмыс істегенімен, басқа өңірлерде тіркелген. Бұл жағдай қала бюджетіне түсетін кірісті азайтып, әділетсіздік туындатады. Осыған байланысты кәсіпкерлермен жүйелі ақпараттық жұмыс жүргізіліп, оларды Шымкент қаласында салық төлеуші ретінде қайта тіркеу қажет екені түсіндіріледі.
Жергілікті бюджеттің өз кіріс базасының кеңеюі – бұл тек сандардың артуы ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған маңызды тетік. Қосымша қаражаттың арқасында қалада жаңа мектептер мен емханалар бой көтеріп, жолдар жөнделіп, қоғамдық көлік пен инфрақұрылым жаңғыртылады. Бұл өз кезегінде Шымкентті Қазақстандағы тұрғындарға жайлы, өмір сүруге қолайлы қалалардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
