• Чт. Ноя 20th, 2025
Популярные метки

ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ – ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІН

Автор:admin

Сен 22, 2025

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында елдің қаржы саласындағы стратегиялық бағыттарын айқындап берді. Мемлекет басшысы цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Президенттің айтуынша, цифрлық теңгенің енгізілуі осы бағыттағы жұмысты жеделдетіп отыр. Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңге қолданылып келеді. Енді оның қолданыс аясын кеңейтіп, республикалық және жергілікті бюджетте, сондай-ақ мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануды жолға қою қажеттігі атап өтілді.
Бұл мақсатта Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтап, оны жыл соңына дейін қабылдау тапсырылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алатау қаласына арнайы мәртебе беріп, оны еліміздің жаңа іскерлік әрі инновациялық орталығы ретінде дамыту жөнінде нақты міндет қойды. Қаланы Үкіметке тікелей бағынатын етіп, он күн ішінде тиісті Жарлық әзірлеу жүктелді.
Президент Ұлттық банк пен Үкіметке банктердің қаражатын экономикаға тиімді тарту жолдарын қарастыруды міндеттеп, бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, банктер туралы жаңа заң қабылдау – аталған бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл құжатта экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі тиіс.
Цифрлық теңгенің енгізілуі мемлекеттік қаражаттың қозғалысын ашық әрі бақылаулы етуге мүмкіндік береді. Бұл қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына жол ашып, коррупциялық тәуекелдерді азайтуға сеп болады. Сонымен қатар цифрлық теңге арқылы ақша аударымдарын жеделдету, төлем жүйелерінің қауіпсіздігін арттыру және заманауи экономикалық модельдерге бейімделу мүмкіндігі туып отыр.
Мамандардың пікірінше, цифрлық теңге тек мемлекеттік емес, жеке секторда да кең қолданыс табады. Болашақта бұл валюта бизнес төлемдерінде, онлайн саудада, халықаралық есеп айырысуларда қолданысқа енуі мүмкін. Осы арқылы Қазақстан әлемдік қаржы технологияларына қадам басып, цифрлық экономиканың жаһандық көшінен қалмайды.
Цифрлық теңге – Қазақстан экономикасының келешектегі жаңа белесі. Бұл тек қаржы құралы ғана емес, елдің экономикалық ашықтығы мен тиімділігін арттыратын стратегиялық платформа. Мемлекет басшысы ұсынған бастамалар арқылы Қазақстан цифрлық экономиканы белсенді дамытып, жаңа жаһандық үрдістерге сай келетін заманауи мемлекетке айналуға қадам жасап отыр.
#ПрезидентЖолдауы #ЦифрлықТеңге #Экономика #АлатауҚаласы #Инновация #ҚаржыСекторы #ҰлттықҚор #ҚРҮкіметі #ҰлттықБанк #ЖаңаЗаң #ҚасымЖомартТоқаев #Қазақстан

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *