Экономиканың көлемі G20 қатарына кіретін мемлекеттердің негізгі критериі болып табылады. Мысалы, Қытайда адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 6 мың доллар ғана, салыстырмалы түрде Қазақстандағы бұл көрсеткіш 13 мың доллар. Бірақтан халқының көптігі олардың экономикасының көлеміне әсер етіп отыр. Адам басына шаққандағы ІЖӨ жоғары болып табылатын Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Кувейт, Норвегия секілді мемлекеттер бұл тізімде жоқ, себебі халқының аз болуына байланысты экономикалары да кішкентай болып табылады. Сондай-ақ, халық санының жылдам көбеюі кейбір елдерге кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы Африка мен Азия мемлекеттеріндегі бақылаусыз туу экономикаға, осылайша әлеуметтік жағдайға зиянын тигізуде. Ол елдердің бала туу көрсеткіштерінң тым жоғары болуы үлкен мәселеге айналды. Негізінен экономикасы нашар дамыған бұл елдерде жұмыссыздық мәселесі белең алып отыр. Ал бақылаусыз бала туу одан сайын жұмыссыздықты көбейтіп, халық арасындағы наразылықтарға алып келуде. Оның жарқын мысалы ретінде көптеген мамандар араб мемлекеттерінде болған төңкерілістерді айтуда. «Араб көктеміндегі» оқиғаларда ең негізгі қозғаушы күш жастар болды. Ел халқындағы жастардың үлесінің жоғары болуы және жастар арсындағы өршіп тұрған жұмыссыздық өз әсерін тигізді. Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сүйенсек, әлемдік аймақтар ішіндегі жастар арасындағы жұмыссыздық Солтүстік Африка мемлкеттерінде ең жоғарғы көрсеткішке ие – 27,9%, Таяу Шығыс аймағында бұл көрсеткіш 26,5%-ға тең. Олардың болжауынша алдағы жылдары да осы аймақтардағы бұл көрсеткіш 25%-дың үстінде болады және тіпті қазіргіден де жоғары болуы мүмкін. Сондықтан болашақта да осы аймақтарда халық наразылықтарының көбеюі әбден мүмкін. Осылайша мелекеттің әлеуметтік саладағы саясаты тиімсіз болса, халықтың жылдам өсуі өз зиянын тигізу мүмкіндігі бар екендігі анық болып отыр. Керісінше, әлемнің кейбір елдерінде демографиялық тоқырау орын алуда. Әсіресе бұл жағдай дамыған батыстық мемлекеттерге тән. Туу көрстекішінің төмен болуына байланысты пайда болған жұмыс күшіне деген қажеттілік ол елдерді экономиканың дамуы үшін сырттан мигранттарды шақыруға итермелеуде. Бұл өз кезегінде қабылдаушы жақтың тұрғындары мен тіпті саясаткерлері тарапынан наразылық тудыртуда. Олардың айтуынша, мигранттардың көп келуі елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Келімсектер арасындағы туу көрсеткішінің жоғары болуы олардың санының тез өсуіне септігін тигізіп отыр.
R-ақпарат