• Пн. Окт 20th, 2025
Популярные метки

Тәні саудың – жаны сау!

Автор:admin

Сен 17, 2025

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің психологиялық қызмет тобының мамандарымен бірлесе отырып, жеке құрам арасында жіті респираторлық-вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жеке құрамның денсаулығын сақтау, аурудың алдын алу мәдениетін қалыптастыру және күз-қыс маусымында жиілеп кететін түрлі инфекциялық аурулардың таралуына жол бермеу болды. Өйткені дәл осы мезгілдерде ауа райының құбылмалығы мен күн суытуына байланысты иммундық жүйе әлсіреп, түрлі вирус түрлерінің белсенділігі күрт артады.
Профилактикалық шаралар барысында медициналық және психологиялық қызмет мамандарының қатысуымен түсіндіру-әңгімелесу жұмыстары жүргізілді. Мамандар ЖРВИ-дің пайда болу себептері, таралу жолдары, белгілері мен алдын алу тәсілдері туралы толық ақпарат беріп, нақты ұсыныстар ұсынды.
Атап айтқанда, қызметкерлерге күнделікті жеке бас гигиенасын сақтау – қолды сабындап жиі жуу, жұмыс және тұрмыстық үй-жайларды жиі желдетіп отыру, тазалықты сақтау сынды қарапайым, бірақ өте маңызды ережелердің маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда және жұмыс орнында бетперде тағу, түшкіргенде немесе жөтелгенде ауыз-мұрынды жабу, вирустардың ауа арқылы таралу жолдарын барынша шектеу туралы да айтылды.
Мамандар иммунитетті күшейтудің жолдарын да атап өтті. Атап айтқанда: дұрыс және теңгерімді тамақтану, дәрумендерге бай тағамдарды тұтыну, жеткілікті ұйқы, күнделікті дене белсенділігі мен спортпен шұғылдану, стресс деңгейін төмендету – міне, осының барлығы адамның жалпы денсаулығын жақсартуға және түрлі жұқпалы аурулардан қорғануға көмектесетіні айтылды. Сондай-ақ, вакциналау – ЖРВИ-дің, соның ішінде тұмаудың ауыр түрлерінің алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі екені ерекше атап өтілді.
Іс-шара аясында қызметкерлерге ақпараттық парақшалар таратылып, сұрақ-жауап түрінде пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, кәсіби жауаптар алды. Бұл өз кезегінде ұжымдағы сенімділік пен ашық коммуникацияны нығайтты.
Сонымен қатар, психологиялық қызмет мамандары вирустық аурулар кезеңінде адамның психологиялық жай-күйінің маңыздылығына да тоқталды. Себебі күйзеліс пен мазасыздық иммундық жүйені әлсіретіп, ағзаның қорғаныс қабілетін төмендетеді. Осыған байланысты күнделікті өмірде позитивті ойлау, эмоцияны басқару, психологиялық тұрақтылықты сақтау жолдары туралы кеңестер берілді.
Осы бағыттағы шаралар жеке құрам арасында денсаулыққа деген жауапкершілік пен санитарлық мәдениетті арттырып қана қоймай, жұмысқа деген ынтаны, жалпы ұжым ішіндегі ахуалды жақсартуға ықпал етті.
Жалпы, «Тәні саудың – жаны сау» қағидасын ұстана отырып, ұжым ішінде салауатты өмір салтын насихаттау, профилактикалық шараларға бейжай қарамау – әрбір қызметкердің жеке және кәсіби жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн. Денсаулық – тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның игілігі. Сондықтан оны сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *