Республикалық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық руханиятты көтеруге бағытталған жобалар байқауы өтті. Сайысқа 300-ге жуық жоба ұсынылып, 33 жоба үздік деп танылған. Оның ішінде, екеуі Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ң «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Әдемау Толысбаева ұсынған жобалар. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айдар Сейдазым мәлімдеді.
Қос жоба да жалынды жастардың тұлға болып қалыптасуына оң ықпалын тигізуге бағытталған. Оның іс жүзінде жүзеге асырылуы «Жастар ресурстық орталығы» жұмысын жандандыруға септігін тигізбек.
«Түркістан облысында өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1 мыңнан аса шара өтті. Туған жер» арнайы жобасы аясында Түркістан қаласындағы «Бекзат» мөлтек ауданы азаматтарының көпке үлгі екендігін атап өткім келеді. Бірнеше жылдан бері түлектердің 20 жылдық кездесу кештері қаржысын қайырымдылыққа жұмсау дәстүрге айналған. Облыс көлемінде қолдау тапқан ізгі амал — мектепке спорттық алаңша салып беру, аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіру, баспана кілтін табыстау сынды сауабы мол амалдарға себепші. Кәсіпкерлердің де жобаға қолдауы ерекше», — деді Айдар Бастарбекұлы.
Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» — ұлттық кодты дәріптеуге көзделген жоба. Бұл бағытта жобалық кеңсе мамандары тарапынан жоспарлы кестеге сай тиісті жұмыс атқарыла бермек.