• Пн. Дек 15th, 2025
Популярные метки

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАР АУДАНЫНДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ 100 МЫҢ КӨШЕТ ЕГУДІ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

Автор:admin

Дек 13, 2025

Түркістан облысы Отырар ауданында туған жерге деген жанашырлық пен азаматтық жауапкершілікті айқындайтын игі бастама жүзеге асуда. Көксарай ауылының тұрғындары елді мекеннің көркін арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту және келер ұрпаққа жасыл орта қалыптастыру мақсатында ауқымды көгалдандыру жұмыстарына кірісті. Ауыл жастары мен жасы жетпістен асқан қарияларға дейін ортақ іске жұмылып, бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Ауылға кіретін күре жол бойына көшет егу, қоршау орнату және ішкі көшелерді көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар ауылдың сыртқы келбетін жақсартумен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам саналады. Табиғатты қорғау мен ауылды абаттандыруды мақсат еткен бастама тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігін нақты іспен дәлелдеп отыр.

Игі шараның барысымен аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов арнайы танысып, ауыл тұрғындарымен бірге көшет отырғызды. Аудан басшысы жергілікті халықтың белсенділігін жоғары бағалап, бұл істің тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мұндай бастамалар елді мекендердің көркеюіне ғана емес, қоғамдағы ынтымақ пен ұйымшылдықты нығайтуға да ықпал етеді.

Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына кеңінен тоқталды. Соңғы уақытта аудан көлемінде тұрақты сенбіліктер өткізіліп, тазалық пен көгалдандыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде қолға алынған. Көксарай ауылында бастау алған бұл шара ауыл халқын ортақ мақсатқа біріктіріп, ауызбіршілік пен жауапкершілікті арттыруға жол ашып отыр.

Шараға ауыл ақсақалдары, жастар және белсенді азаматтар белсене қатысып, бірлесе атқарылған еңбектің ауылдың болашағы үшін маңызын атап өтті. Ақсақалдар жастарға үлгі көрсетіп, табиғатты аялау мен туған жерді қадірлеудің маңызын түсіндірсе, жастар жағы бастаманы ілгерілетіп, ұйымдастыру жұмыстарында белсенділік танытты. Осындай ұрпақтар сабақтастығы ауылдың әлеуметтік өміріне оң серпін беруде.

Қоғамдық шара аясында 15 шақырымға жуық аумақ қоршалып, тұрғындардың ұйымдасуымен 8000-ға жуық түрлі көшет егілді. Ауыл халқы бұл істі бір реттік акция ретінде емес, ұзақ мерзімді жоспар ретінде қарастырып отыр. Алдағы екі жыл ішінде егілген көшеттердің санын 100 мыңға жеткізу көзделген. Бұл жоспар толық жүзеге асса, ауыл аумағы жасыл желекке оранып, экологиялық тұрғыда әлдеқайда қолайлы аймаққа айналмақ.

Мұндай бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді. Көгалдандырылған аумақ ауылдың инвестициялық тартымдылығын арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, экологиялық мәдениеттің қалыптасуы жастардың туған жерге деген жауапкершілігін арттырып, елге қызмет етуге деген ұмтылысын күшейтеді.

Көксарай ауылында жүзеге асып жатқан бұл игі іс Түркістан өңіріндегі өзге елді мекендерге де үлгі болары анық. Бірлік пен ынтымаққа негізделген ортақ еңбек арқылы ауылдың келбеті жаңарып, тұрғындардың туған жерге деген сенімі мен мақтанышы арта түсуде.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *