• Чт. Дек 18th, 2025
Популярные метки

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА КЕҢЕЙТІЛГЕН ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Автор:admin

Дек 15, 2025

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебін сақтау, қызметтік мінез-құлық мәдениетін жетілдіру және қоғам тарапынан мемлекеттік аппаратқа деген сенімді арттыру мақсатында Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Орманов Ордабасы ауданына арнайы іссапармен келді. Іссапар аясында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өткізілді.

Кеңейтілген жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы, ауданның Әдеп жөніндегі уәкілі Жұманалы Кадиев, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат қызметкерлері, дербес бөлімдердің мамандары, ауылдық округ әкімдері мен олардың жауапты қызметкерлері, сондай-ақ өзге де мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау деңгейіне талдау жасау, қызмет барысында кездесетін әдептік тәуекелдерді анықтау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту болды.

Жиын барысында Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Орманов баяндама жасап, облыс көлеміндегі жергілікті атқарушы органдарда Әдеп кодексі талаптарының орындалу барысына тоқталды. Ол жыл басынан бері жүргізілген мониторинг нәтижелерін таныстырып, аудандар арасындағы көрсеткіштерге салыстырмалы талдау жасады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этика нормаларын сақтау деңгейі, тұрғындармен жұмыс жүргізу мәдениеті және ішкі тәртіпті сақтау мәселелері кеңінен қамтылды.

Ербол Орманов баяндамасында мемлекеттік қызметшілер тарапынан жиі кездесетін әдеп нормаларын бұзу тәуекелдеріне ерекше назар аударды. Қызметтік тәртіпке салғырт қарау, азаматтармен қарым-қатынас барысында жіберілетін олқылықтар, ресми этиканы сақтамау секілді жағдайлардың мемлекеттік қызметтің беделіне кері әсер ететінін атап өтті. Осы орайда нақты мысалдар келтіріп, әрбір мемлекеттік қызметші өз әрекетіне жеке жауапкершілікпен қарауы қажеттігін баса айтты.

Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарының бірі – халыққа адал әрі сапалы қызмет көрсету екенін еске салды. Азаматтармен қарым-қатынаста ашықтық, сыпайылық, әділдік пен кәсібилік таныту мемлекеттік қызметші үшін міндет екенін жеткізді. Бұл талаптардың сақталуы мемлекеттік аппаратқа деген қоғамдық сенімді нығайтып, елдегі тұрақтылық пен бірлікке оң ықпал ететіні айтылды.

Жиын барысында аудан әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Жұманалы Кадиев Ордабасы ауданында Әдеп нормаларын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, ауданда мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әдеп жөніндегі кеңестердің отырыстары, оқыту семинарлары мен профилактикалық кездесулер тұрақты ұйымдастырылып, ішкі бақылау тетіктері жолға қойылған.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қызметтік әдепті сақтау бойынша әдістемелік көмектер көрсету, азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу сапасын жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Бұл шаралар қызметтік тәртіпті нығайтуға және әдептік құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Ормановқа ауданға арнайы келіп, кеңейтілген мәжіліс өткізіп, маңызды бағыттар бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізгені үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар мұндай кездесулердің мемлекеттік қызметшілер үшін тәжірибе алмасуға және кәсіби жауапкершілікті арттыруға үлкен септігін тигізетінін атап өтті.

Шара соңында Ербол Орманов жиынға қатысушыларға мемлекет мүддесі жолында адал әрі абыройлы қызмет етіп жүргендері үшін ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Ол Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру әрбір қызметшінің басты міндеті екенін тағы бір мәрте атап өтті.

Кеңейтілген жиын мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мәдениетін нығайтуға, қызметтік жауапкершілікті арттыруға және қоғам мен билік арасындағы сенімді күшейтуге бағытталған маңызды алаңға айналды.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *