• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ЖЕКЕ ОҢАЛТУ БАҒДАРЛАМАСЫН ОРЫНДАУ БОЙЫНША БІРІНШІ ОРЫНДА

Автор:admin

Ноя 6, 2022
Spread the love

Кендікентте мүмкіндігі шектеулі жандар қажетті құрал-жадықтарына дер кезінде қол жеткізіп отыр.

Кентау қаласы бойынша 5717 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген, оның ішінде 1322 отбасында мүгедектігі бар балалар бар. Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жыл басынан 2238 адам өтініш беріп, оның 2060-ы немесе 92% орындалды. Оның ішінде оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтік қызметтер порталы арқылы: 32 есту қабілеті бойынша 57 сурдотехникалық құралдармен қамтылды. Атап айтқанда, веб камерасы бар ноутбук, ұялы телефондар, есту аппараттары, естімейтін және нашар естейтін жандарға арналған сағаттар және көп функциялы дабылды жүйелері берілді. Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан берілетін жәрдем мен мүмкіндік көп. Күн өткен сайын қажетті құрал жабдықтар мен жөргек, тағы басқа да заттар уақтысымен түсіп, үлестіріліп жатыр. Жетпей қалатын, тапшылық жоқ. Қазір соның нәтижесінде ел алғысына бөленіп жатыр. Мұның өзі үлкен еңбек. Көпшілікпен жұмыс істеу қиын, көптің көңілін табу қиын.

70 көру қабілеті төмен азамат 158 тифлотехникалық құралдармен қамтылды. Атап айтқанда, оқу машиналары, сөйлеу синтезі бар экрандық қол жеткізу бағдарламасымен қамтамасыз етілген ноутбук, дыбыспен хабар беретін телефон, нашар көретін адамдарға арналған сағат, Брайл жүйесі бойынша жазу грифелі, сөз шығаратын термометр, тонометр, глюкометр берілді. Мүның қаржысы мемлекет есебінен төленуде. Тек өтінім қалдырып, қажеттілігін белгіленген тәртіппен сұратса болды. Өз құзіреті шегінде жұмыс жасалып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігі беріледі. Бұл жұмыстың жүйелілігі бүгінде кендікенттің сала мамандарының мықтылығын көрсетіп, алдыңғы қатарға шығарып отыр. Осы бағыттағы тірлік жалғасын таба бермекші. Бұл да болса, әлеуметтің әлеуетінің басты орында тұрғанының белгісі.

Қазір тірек қиымылы бұзылған жандарға көмекші құралдар да бұл өңірге сұранысқа сай жеткізіліп жатыр. Күні бүгінге дейін мұндай заттарға 162 адам қол жеткізіп, 219 дана протездік-ортопедиялық құралдармен қамтылды. Жалпы қажеттілік ортопедиялық аяқкиім, таяқтар, корсеттер, аппараттар, туторлар, жамбасты мүшелегендегі, қол мен аяқтың қысқа және ұзын тұқылдарындағы протездер, қатты бекiтiлетiн протездер, кеуде безi протездерi, сияқты т.б. заттарға түскен еді. Жеткізіліп иелеріне табысталды. Осы орайда айта кеткен жөн, Кентау қаласы жеке оңалту бағдарламасын орындау бойынша алдыңғы қатарда. Бұған қол жеткізу де оңай емес, басында айтқанымыздай тыңғылықты жұмыстың жемісі. Сондай-ақ, қоларбаға сұраныс та әжептеуір. Кезек күтіп төсекке таңылғандардың жай күйі жүректі елжіретеді. Осы орайда кенді кентте жамбассы тесілгенше жатып қалғандар аз. Олардың барлығына қоларба кезең кезеңімен жеткізіліп жатыр. Ауыз толтырып айтарлығы баяғы төрт дөңгелегі түгел болса болды, тысқа кіріп шығуға жарап тұрса жарайдының кері келмеске кеткен. Қазіргі қоларбалар көпфункционалды. Икемі барларға анағұрлым ыңғайластырылған.

Жалпы алғанда 41 адам 62 дана қоларбамен қамтылды. Оның ішінде биыл алғаш рет жүріп- тұруы қиын бірінші топтағылар көпфункционалды әмбебап кресло арбамен қамтамасыз етілді. Ол әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беріп жеткізілді. Кресло арбаның орындығы оңай реттеледі, бұл ұзақ серуендеуге және мүгедектігі бар адамның арқасының шаршамауына пайдалы. Бастың ыңғайлы және сенімді бекітілуі үшін ысырмалары бар. Жұмсақ бас тірегі бар, оны алып тастауға немесе биіктігін реттеуге болады. Тамақ ішетін алып салынатын үстелі бар. Айта кету керек жеке оңалту бағдарламасына сәйкес серуендік қоларбанык қолдану мерзімі 5 жыл. Ал  үйішілік қолданысқа қажетісінің қолдану мерзімі 7 жылға арналған. Осы екі түрлі қоларбаны жүріп тұруы қиын, тірек қимылы бұзылғандар мен өздігінен қозғала алмайтындар ала алады. Ал егер жеке оңалту бағдарламасында электржелілік немесе көпфункционалды қоларба болса біреуі ғана беріледі.

Айықпас дертке шалдыққандар мен тағдырынан теперіш көргендерге гигиналық құрал жабдықтардың орны да ерекше. Бұған сұраныс та дер кезінде қанағаттандырылып жатыр. Қазіргі таңда 1262 адам міндетті гигиеналық құралдармен қамтылды. Атап айтқанда: жөргек, несеп қабылдағыш, сіңіргіш жаймалар, катетер, сіңіргіш ұнтақ, иіс бейтараптандырғыш, теріні тазартқыш, т.б. қолданыс заттарын мүмкіндігі шектеулі жандардың күтушілері мен көмекшілері, туған туыстары арнайы қағазға қол қойып, алыып кетіп жатыр. Осы орайда айта кеткен жөн,  әлеуметтік қызметтер порталында 190 оңалту техникалық құралдарын жеткізушілер тіркелген. Алдыңғы қатарға шығуда осы азаматтардың ыждаһаттылығы мен жауапкершілігінің арқасы екенін де айта кеткен жөн. Олардың барлығы тапсырыс аясында тірлік жасап жатыр.

Жеке көмекшінің және ымдау тілі мамандарының қызметі де жүйелі.

Сөйлеу және есту қабілетінен айрылған адамдар жеке оңалту бағдарламасына сәйкес ымдау тілі маманының қызметіне дән риза. Ымдау тілі мамандары  олардың конференцияларға, пікірталастарға және басқа да қоғамдық іс-шараларға қатысуы уақытында, оқуға, жұмысқа орналасуына, өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғауына және іске асыруына, мемлекеттік органдар мен консультациялық ұйымдарда ақпарат алуына, қажетті құжаттарды ресімдеуіне байланысты мәселелерді шешуі үшін еститін адамдармен араласуы кезінде ымдау тілінен және ымдау тіліне кәсіби аударма жасайды. Кентау қаласы бойынша бүгінгі таңда 47 осындай жандарға 6 ымдау тілі маманы қызмет көрсетеді.  Олардың ең басты қызметі қызмет түріне қарай, ым ишара тілін үйрету. Мемлекеттік қызмет алу кезінде мамандарға олардың айтқанын сурдотәржімалау. Ойын сауатты жеткізу.

Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға  жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтері жеке оңалту бағдарламасына сәйкес ұсынылады. Жеке көмекшілер қамқорлығындағы азаматтармен бірге оның тұратын жерінен баратын пунктіне дейін және қайтарда – жұмысқа, оқу орындарына, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, сотқа, прокуратураға, әлеуметтік сала объектілеріне, заң консультацияларына, нотариусқа, мәдени-ойын-сауық іс-шараларына, спорт ғимараттарына, сауда объектілеріне, медициналық мекемелерге, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына және оқуына, жұмысқа орналасуына, өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғауына және іске асыруына, ақпарат алуына, қажетті құжаттарды ресімдеуіне байланысты мәселелерді шешуі үшін өзге де ұйымдарға барған кезде ілесіп жүреді.

Жалпы 2021 жылы бұл өңірде 222 адам жеке көмекші қызметін пайдаланса, 2021 жылдың қазан айынан бастап бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды күтуші жәрдемақысы енгізілуіне байланысты жеке көмекші қызметінен бас тартып күтуші қызметіне ауысып жатқан тұрғындар бар. Бүгінгі таңда жеке көмекші қызметін 130 адам пайдалануда.  Барлығына дерлік көмек жүйелі түрде көрсетілуде. Оларға арнайы қаржы қаралған. Мемлекет осы топ өкілдерінің қажеттілігін өтеуге де өзіндік ден қойған. Өтініш тасталса, сұраныс жасалса болғаны… Ал аталған қызметтерге өтініш Кентау қалалық  халыққа қызмет  көрсету орталығы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қабылданады. Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандар жеке көмекші қызметін, ымдау тілі маманың қызметін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өзі таңдайды. Бүгінгі таңда әлеуметтік қызметтер порталында 296 ымдау тілі қызметін жеткізуші тіркелсе, жеке көмекші қызметін 16 мыңнан астап жеткізуші қызмет көрсету үшін тіркелген.

Кентау қаласындағы инватакси қызметіне де осал топтың көңілі толады

Тағы бір қоса кетері тағдырынан теперіш көрген жандар үшін инватакси қызметі тегін жұмыс жасайды. Оның қызметін тірек қимыл аппараты бұзылған адамдар, бірінші топ және жарымжан балалар пайдалана алады. Қызметті пайдалану үшін жеке куәлік, мүгедектігі туралы анықтама, ЖОБ (жеке оңалту бағдарламасы), №35/у анықтама ұсыну қажет.

Инватакси қызметін  «АСАР» Түркістан облысы Мүгедектер Қоғамы» қоғамдық бірлестігі көрсетеді. Мұндағы диспетчер қоңырауды азанғы сағат 9-дан қабылдайды. Тапсырыстар бір күн бұрын қабылданады. Қызметтер бірінші кезекте жұмыс істейтін және оқитын мүгедектігі бар адамдардың жұмыс немесе оқу кестесіне сәйкес көрсетіледі. Басқа тапсырыс берушілерге олардың өтініш білдіру тәртібінде көрсетіледі.

Ал белгіленген пункттердің тізбесін жергілікті бюджеттің мүмкіндігі ескеріле отырып белгіленген: әлеуметтік сала объектілері, заң консультациялары, нотариус, медициналық мекемелер (жедел (шұғыл) медицианлық көмекті көрсету жағдайларды қоспағанда),  арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдар, т.б. Қызмет көрсету аймағы:  Кентау қаласы және оған қарасты ауылдар, Түркістан қаласы (тек гемодиализ қызметін пайдаланатын тұрғындар үшін).

«Инватакси» қызметін пайдалануға 2022 жылы 410 адам өтініш берген. Кентау қаласындағы емханаға бұл көлікпен күніне орта есеппен 28 адам тасымалданады. Жыл басынан бері жалпы саны 8062 тапсырыс орындалған.

Кентау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен инватакси қызметіне бақылау жүрігізілді. Инватакси қызметіне тасымалдайтын автокөліктердің маркасы: LADA LARGUS KZ 457 ADI 13, Volkswagen Caddy KZ057BG, Volkswagen Transporter KZ 059 BG13. Инватакси қызметін бақылау барысында автокөліктердің тәулігіне шақыруға қарай 12 сағаттан тапсырысты орындайтындығы анықталды. Бақылау барысында қызмет алушылардың пікірі зерделенді. Инватакси қызметін қызмет алушылар жоғары бағалаған.

Диспетчерлік қызметі 7-70-16, 87071718084 телефоны арқылы өтініш қабылдайды.

Қамқоршылық және қорғаншылық

Кентау қаласында кәмілет жасқа толғандарға қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган — қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.

Қорғаншылық кімдерге белгіленеді?

Қазақстан Республикасынының Азаматтық Кодексінің 26 бабына сәйкес жүйке ауруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе не iстегенiн бiлмейтiн азаматты сот әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп тануы мүмкiн, соған байланысты оған қорғаншылық белгiленедi.

Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп танылған азаматтың атынан мәмiлелердi оның қорғаншысы жасайды.

Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адам сауығып кеткен немесе денсаулығы едәуiр жақсарған жағдайда сот оны әрекет қабiлеттiлiгi бар деп таниды, бұдан кейiн одан қорғаншылық алынады.

Қамқоршылық кімдерге белгіленеді?

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің 127-бабына сәйкес, денсаулық жағдайына байланысты өз құқығын жүзеге асыра алмайтын және қорғай алмайтын және мiндеттерiн орындай алмайтын әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның өтiнiшi бойынша оған қамқоршылық белгiленуi мүмкiн. Мысалы, І топ мүгедектігі белгіленген тірек-қимыл аппараты бұзылған және зағип жандар, т.б.

Қамқоршы қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағуға және оның тұрмыстық қажеттерiн қанағаттандыруға бағытталған тұрмыстық және өзге де мәмiлелердi жасасуды қамқорлыққа алынушының келiсiмiмен жүзеге асырады.

Әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның талап етуі бойынша оны қамқоршылыққа алу тоқтатылуы мүмкiн.

2022 жылдың 8 айында 8 мүгедектігі бар адамға қамқоршылық, 7 әрекетке қабілетсіз адамға қорғаншылық тағайындалып, 1 азамат сот шешімімен әрекетке қабілетті деп танылуы себебінен қорғаншылық алынды.

Кәмілет жасқа толғандарға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу жөнінде толық ақпаратты Кентау қаласы, А.Ясауи даңғылы 85 үй 1 қабатта орналасқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы біле аласыз.

Шипажайлық ем алу

Кентау қаласында 9634 зейнеткер бар. Оның ішінде 240 зейнеткер ардагерлер үйіне шипажайлық ем алуға жолдама алған. Зейнеткерлерге жолдамалар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған жолдамалар негізінде Шымкент қаласында орналасқан «Ардагерлер үйі», Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында орналасқан «Мейір» ардагерлер үйі» мекемелеріне беріледі. Жолдама беру кезектілік тәртібімен жүргізіледі.

Шипажайлық емге әлеуметтік көмек Кентау қаласында тұрақты тұратын және белгіленген тәртіпте тіркелген азаматтар санатына жолдама беру арқылы тағайындалады:

— Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;

— Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған адамдарға, сонымен қатар 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырға дейін алты айдан кем емес жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылық әскери қызметте жанкештілікпен және мінсіздікпен еңбек еткені үшін бұрынғы ССР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған тұлғаларға;

-жас бойынша зейнеткерлерге.

Өтініштер Кентау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қабылданады:

— зейнеткердің жеке басын куәландыратын құжат;

— ҰОС қатысушысының куәлігі (болған жағдайда);

— жасына байланысты зейнеткерлік жәрдемақы алушының куәлігі; Толық ақпарат үшін: Кентау қаласы, Ясауи даңғылы, 85 үй, 1 қабат, 5 кабинет. Байланыс телефоны: 5-52-90

Жансая Шорабекова.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика