Еліміздің даму драйверінің қуатты күштерінің бірі ауыл шаруашылығы. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы саясатта дәл осы сала адам мен қоғамға тұтастай қызмет етіп жатыр. Әңгіме ауанын тарқатпас алдын жалпақ оқырманға әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы саясат дегеніміз не? Осы сауалға тоқталсақ… дәл осы саясатты жүргізуге арнайы тұжырымдама қабылданған. Онда көрсетілгендей мемлекетіміздің кешенді әлеуметтік маңызы бар жоспарлары проблемалардың кең ауқымын шешуге бағытталған. Оған, атап айтқанда, білім беру және денсаулық сақтауды, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мен әлеуметтік қорғауды, қоршаған ортаны қорғауды және төтенше жағдайларға жол бермеуді жан жақты реттеу жатады. Осы орайда ауылшаруашылығы саласына тиесілісі халықтың әл-ауқатын тұрақтандыруға бағытталған тұсы. Сондай –ақ, әлеуметтік еңбекті қорғау, жергілікті тұрғындар, кедейліктің төмендеуі және жұмыспен қамту саясаты дәл осы аграрлы саланың еншісінде! Себебі Түркістан облысы өзінің етекте егісін жайқалтып, төбеде малын өргізген еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Сондықтан біз тақырыбымызды ауылшаруашылық саласы аясында тоқайластырайық…
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл толды. Осы қысқа уақыт ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, барлық салада өсім сақталған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде хабарлады.
2018 жылмен салыстырғанда осы төрт жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдісі айқын аңғарылды. Атап айтқанда 15-06-2022, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есе артып, 2,8 трлн. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 1,6 есеге артып, 707,8 млрд. теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімі 1,7 есеге артып, 906,5 млрд. теңгені құрады. 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2018 жылмен салыстырғанда 2,1 есеге өсті. Облыс бюджетінің көлемі 1,7 есеге артып, 970,3 млрд. теңгені құрады. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жыл басындағы 5 айда оң өсім байқалды.
Алғашқы жарты жылдықтағы көрсеткіш бойынша, Түркістан облысының индустриалдық аймақтарында жалпы құны 32 млрд. теңге құрайтын, 44 жоба іске қосылып, нәтижесінде 2368 жұмыс орны ашылған. Биыл құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын 6 жобаны іске қосу арқылы 246 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда 793 млн. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 36 жұмыс орны құрылған. Өңірде Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі қарқынды жалғасып жатыр. Әсіресе бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы жүзеге сәтті асырылуда.
Жылдың алғашқы жартысында ауыл шаруашылығында 199,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,2%-ды құрады. 2021 жылдың 5 айында 170,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген болатын. Бұл ретте өңірде жаңбырлатып және тамшылатып суғару, өзге де жаңа технологияларды батыл енгізудің пайдасы тиіп жатыр. Осы орайда тілге тиек еткен жөн, бұл өңірдің қолайлы ауа райы ерте пісетін дақылдарды өсіруге, бір жерден жылына екі-үш өнім алуға мүмкіндік береді. Оны тиімді пайдаланудың дұрыс жолы халыққа түсіндіру, семинарлар өткізу, кең көлемдегі насихат. Нәтижесі жаман емес. Сөзімізді дәйектеу үшін осы тұста Кентауда өткен семинарды қоса кетсек…
Ауқымды жиын ауыл шаруашылығын дамыту бойынша шаруа қожалықтары және кәсіпкерлердің басын бір арнаға тоқайластырды. Жиынға қала әкімі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облысы филиалы басшысының орынбасары Азат Муйтембаев, «Оңтүстік» АИО несиелендіру департаментінің бас менеджері Мақсат Асанов, «Ырыс» МҚҰ аймақтық сарапшысы Нұрдаулет Кеңесбаев, «Атамекен» ҰКП Кентау қалалық филиалының директоры М.Садуов, «Turkistan» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, Кентау бөлімінің басшысы Х.Мәденбай қатысты. Жиналғандар ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жаңа әдіс-тәсілдер мен несие ұйымдарының бағдарламаларын кеңінен түсіндіру үшін жан жақты ой қозғады. Қажетті ақпарат алып, шаруашылықты дамытуға қолдануды ұсынды. Әр баяндамашы өз саласы бойынша мемлекеттен берілетін көмектер мен ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша ақпарат алмасып, тәсілдермен бөлісті. «Bnk Leasing» компаниясының өкілдері егін шаруасына қолданатын тиімді суғару техникасы жайында түсіндірме жүргізді.
Кентау қаласына Оңтүстік Кореядан әкелінген шағын жаңа техника осы жерде таныстырылды. 20-25 гектар жерді үнемді суғаруға арналған техника 400 метрге дейін су шашып, егінді суғарады. Бұл құралды Европа, Америка, Канада елдерінде өте көп қолданады. Ең бастысы, мемлекет тарапынан осы техниканы алып қолданғаны үшін субсидия беріледі. Бір техниканың өзі 8 сағатта 3 гектар жерге су шашуға қауқарлы.
Семинарда мұнан соң несиелендіру бойынша баяндама жасалып, төменгі пайызбен несие алып, шаруаны көтеру тұстары түсіндірілді. Шаруашылықта кооператив құрудың тиімділіктері мен мүмкіндіктері айтылды. Келелі жиында шаруа иелері қажетті сауалдарына сала мамандарының өзінен жауаптарын алып, алдағы уақытта да кеңесіп тұруға уағдаласып тарқасты. Мұндай қажетті семинарлар барлық жерде өткізіліп жатыр.
Жалпы былтыр «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 8400 гектарда 3000 жоба жүзеге асырылып, 145500 тонна көкөніс өнімі жиналды. Биыл егіс көлемі 851000 гектарға орналастырылып, жоспар 100%-ға орындалды. Өткен жылдан 5500 гектарға ұлғайды (2021 ж. – 845,5 мың га). Қосымша 26,6 гектарға жылыжайлар салынып, алаңы 1494 гектарға жетті. Республикадағы жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысында орналасқан. Жыл қорытындысында жоспар бойынша көлемі 1590 гектарға жеткізіледі. Өңірде тамшылатып суғару, жаңбырлатып суғару технологияларына басымдық беріліп, шаруалар суды үнемдеуге көшті. Мұның өнімділікті еселеп арттыруға септігі мол. Мүмкіндікті кеңінен пайдалансақ, көл көсір өнім өзімізді де, өзгені де жарылқайды. Көңіл қуантарлығы бұл орайда баймыз. Түркістан өңірінің жекелеген аудандарының өнімдері экспортқа шығарылып жатыр. Мәселен келестік диқандарының өнімдері шетелдіктердің сұранысына ие. Алғашқы түсім кезінде қарбыз еліміздің ірі қалаларына саудаланады. Сонымен бірге шет мемлекеттерге экспорттала бастады. Бозай ауылдық округіндегі «Әбіл» шаруа қожалығы 40 гектар аумаққа қарбыз егіп, жемісін көруде. Бүгінгі таңда шаруа Нұрлан Мұстаев 22 тонна өнімді өткізіп үлгерді.
– Қыстың соңына қарай үй алдындағы жылыжайға қарбыздың дәнін егіп, көшет күйіне жеткіземіз. Көктемнің жайма-шуақ күндерінде Сыр бойындағы егіндік алқабымызға егеміз. Көктемнің соңғы күндеріне, яғни 3 айда қарбыз піседі. Жергілікті 5 адамды жұмыспен қамтыдық, – дейді «Әбіл» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Сапарқұлұлы.
Алғашқы жарты жылдықта шардаралық диқандар да 5300 тонна қарбызды экспорттады. Олардың өнімдері елімізден бөлек Ресей, Моңғолия және өзге де ТМД елдерінің нарығында сатылуда. Сондай-ақ өз еліміздің өзге өңірлеріне аталмыш бақша өнімін экспорттау қарқынды жалғасуда.
Бүгінде тұтынушылар мен кәсіпкерлер қарбызды егістік алқабының басынан бір келісін 105-110 теңге аралығында сатып алуда. Диқандар алдағы уақытта экспорт көлемі арта түсетінін айтады. Ауданда қарбыз қоры мол. Жетісай ауданының диқандары да алғашқы пісімде 25 тонна қарбызды экспорттады. Атамекен ауылдық округіне қарасты Жемісті ауылында 1 гектар алқаптан 25 тонна қарбыз Ресейге жөнелтілді. Қарбыз тамшылатып суғару әдісімен өсірілген.
– Тамшылатып суғарудың пайдасы мол екен. Жыл сайын 6 мың түп егетін едім, осы әдіспен биыл 8 мың түп шықты. Бұл өз кезегінде мол өнім алуға мүмкіндік береді. Тамшылатып суғарудың тағы да бір артықшылығы – тыңайтқыш 5-6 есе аз кетеді. Қол күшін де көп қажет етпейсің. Қарбыздың 60-65 күнде пісетін «Долбый» атты сортын сәуір айында ектік. Бұған дейін келісіне 210 теңге ұсынып кетті, бұл бағадан 20-30 теңгеге жоғарылау бағаны көздеп отырмын, – дейді «Атымтай» шаруа қожалығының төрағасы Атымтай Омаров. Айта кетейік, бірінші жаарты жылдықтың қорытындысында биыл Жетісай ауданы бойынша 17 мың гектарға бақша дақылдары егілген. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 1100 гектар аумақта 236 жоба іске асырылып жатыр. Айта кетейік, биыл ауданда 8500 гектарға жуық бақша алқабы егіліп, одан 222 мың тоннадан астам өнім жинау күтіліп отыр.
Бұл бір ғана мысал. бастысы нан болса, сән болады. Егістіктерді алғашқы орым да биыл сәтті өтті. Осынау науқанға білек сыбана кіріскен аудан диқандары жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түскен. Тізілген комбайндар алтын астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құйып алды.
Аудан диқандары жылдағыдай екінші орымнан да зор үміт күтеді. Әрине бұған мемлекетіміздің шаруашылықтарға жасаған жеңілдіктері де себеп болуда. Сонымен қатар оларға лизинг негізінде техника берілген. Жанар-жағармай, қажетті бөлшектермен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуде мәселесі жыл сайын жақсарып келеді. Егін орағын алғашқылардың бірі болып бастаған Дарбаза ауылдық округіндегі диқандар қазір алтын дәнді жинап алу үшін тынбай еңбектенуде. Егіс алқабындағы орақ науқанына 50 комбайн мен 100-ге жуық жүк көлігі қатысты.
Биыл алғашқы түсімде аудан бойынша барлығы 44,9 мың гектар жерге масақты дақылдар егілді, оның ішінде бидай – 33,4 мың гектар, арпа – 7 мың гектар, жүгері – 4,5 мың гектар.
Осы орайда айта кеткен жөн, Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 34,3 млрд. теңге құрайтын 5 серпінді ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Азық-түлік қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Тұрақтандыру қорының есебінде құны 327,6 млн. теңгені құрайтын 3 615,8 тонна тауар бар. Бұған қоса қосымша 1 млрд. теңге қаржы бөлініп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 12 түрі сатып алынбақ. Сондай-ақ тұрақтандыру қорын толықтыру үшін 136 тонна қант сатып алынды. Бұдан бөлек ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясына» 1000 тонна қантқа өтінім жолданған.
Жалпы ауыл-ел бесігі. Қазір осы атпен жоба да бар. Соның аясында Ордабасы ауданында 37 жоба іске асырылып жатыр. Біз бұған Түркістан облысының экс-әкімінің Ордабасы ауданы тұрғындарымен кездесу іссапары кезінде көз жеткізген болатынбыз. Оның кезекті сапары «QazGarden» ЖШС-нің қарқынды бауынан басталды. Мұнда Ордабасы ауданының тауарөндірушілері мен шаруаларының өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ауыл шаруашылығы техникаларынан бастап, көкөніс, жеміс-жидек, бидай, ұн, балық, қымыз және өзге де өнімдер жұртшылық назарына ұсынылған.
Өңір басшысы қарқынды баудың жұмысымен танысты. Тамшылатып суғару технологиясын қолданып, 60 гектарға алма, шабдалы, өрік бауын өсіріп отырған кәсіпкер Мәди Есқараевтің жұмысын жоғары бағалады. Осы баудың басында бір топ тұрғынмен, шаруамен, кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды батыл енгізу мәселесі сөз болды.
– Түркістан облысында барлық сала бойынша тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Экономика тұрақты. Біздің өңірдің басты артықшылығы — климатында. Ауыл шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Бір жылда 2-3 өнім алуға басымдық беру керек. Қазіргі таңда суды үнемдеу өте маңызды. Тамшылатып және жаңбырлатып суғару технологиясын ендіріп жатырмыз. Бұл ауданда да соған басымдық берілуі тиіс – деген еді сол кезде Өмірзақ Шөкеев шаруаларды несиелендіру, аудандағы заманауи жеміс-жидек қоймасына тиісті қолдау көрсету және каналдарды жөндеу бағытындағы сұрақтарға жауап беріп тұрып. Жауапты тұлғаларға шаруаларға несиені жылдам әрі уақтылы беруді тапсырды.
2021 жылы ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,7 млрд. теңгені, инвестиция көлемі 23,2 млрд. теңгені құрады. Биыл ауданда «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 363,7 гектар жерде 109 жоба іске асырылып, бірінші өнім жиналуда. Ордабасыда құрылыс жұмыстарының көлемі 8,7 млрд. теңгені құрап, бір жылда 27 мың шаршы метр үй берілді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 12 елді мекенде 37 жоба іске асырылды Төрткөл елді мекенінде спорт кешені салынды. 11 елді мекенде 77,1 шақырым болатын 36 көшеге асфальт төселді. 2 мектеп пайдалануға берілді. Биыл 3 мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. 2021 жылы 6 елді мекен ауыз су жүйелерімен қамту жұмыстары жүріп, нәтижесінде Нұра, Кемер елді мекендері ауыз су жүйелерімен қамтылды.
Жайылым жер көлемін арттыру бойынша да жұмыс жүріп жатыр. 2021 жылы 133 елді мекендегі елге 135,8 мың гектар жер ортақ жайылымға бекітіліп берілді. Тиісті қолдаулар арқылы мал мен құс басы 3-4%-ға көбейген.
Биыл өңірде 3,1 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдерін жинау, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 998,3 млрд. теңгеге, өсім қарқынын 104%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұған жыл қорытындысында көз жеткізетін боламыз.
Алия Ортаева.