Түркістан облысы Бәйдібек ауданында бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Соның айқын дәлелі – Ақбастау елді мекенінде заманауи талаптарға сай жаңа спорт кешенінің пайдалануға берілуі. Ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысанның ашылуы өңірдегі спорт инфрақұрылымын нығайтып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға тың серпін берді.
Жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, халықты жаппай дене шынықтырумен қамту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары Бәйдібек ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Ауылдық жерлерде осындай спорт нысандарының салынуы жастардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Ақбастау елді мекенінде бой көтерген спорт кешенінің құрылысы 2024 жылдың тамыз айында басталған. Құрылыс жұмыстарын «Trendim KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын кешеннің ғимараты 939 шаршы метрді алып жатыр. Нысанның жобасы заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және бірнеше спорт түрімен қатар айналысуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, кешен ішінде волейбол, баскетбол, кіші футбол, күрес және дзюдо секілді спорт түрлеріне арналған арнайы жабдықталған залдар бар.
Жаңа спорт кешені ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік. Бұған дейін спортпен шұғылдану үшін көрші елді мекендерге қатынауға мәжбүр болған тұрғындар енді өз ауылында кәсіби деңгейде жаттығып, жарыстарға дайындала алады. Бұл, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің спортқа бейімделуіне, олардың дене дайындығын нығайтуына және зиянды әдеттерден алшақ болуына оң ықпал етеді.
Ашылу салтанаты барысында ауыл ақсақалдары мен тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылықтарын білдіріп, жаңа спорт кешенінің ел игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет ететініне сенім білдірді. Спорт нысаны тек жаттығу орны ғана емес, ауыл жастарының басын қосатын, бірлік пен ынтымақты нығайтатын орталыққа айналатыны айтылды.
Айта кету керек, бүгінде Бәйдібек ауданында спорт саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда ауданда барлығы 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 ашық спорт алаңы бар. Бұл көрсеткіш аудан халқының спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік беріп отыр.
Аудан спортшылары да жыл сайын түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Биылдың өзінде Бәйдібек ауданынан шыққан спортшылар тоғызқұмалақ, волейбол және еркін күрес спорт түрлерінен облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, өңір намысын абыроймен қорғады. Бұл жетістіктер аудан басшылығының спорт саласына айрықша көңіл бөліп, материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталған нақты жұмыстарының нәтижесі екені сөзсіз.
Жаңа спорт кешенінің ашылуы Бәйдібек ауданындағы бұқаралық спортты дамыту ісіне тың серпін беріп қана қоймай, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға да ықпал етеді. Мұндай нысандар жастардың бойында тәртіп, табандылық, жеңіске деген ұмтылыс сияқты қасиеттерді қалыптастырып, оларды елжанды, отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеуге негіз болады.
Алдағы уақытта да аудан көлемінде спорт инфрақұрылымын дамыту, жаңа нысандар салу және қолданыстағы спорт залдарын жаңғырту жұмыстары жалғасын табады деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде Бәйдібек ауданын спорттық әлеуеті жоғары өңірлердің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
